Екі объектіге 150 млн теңге кетті: құрылысшылар шығынды қайтаруды талап етіп отыр

 Almaty.tv
Almaty.tv
Іске қатысты сот жүріп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Миллиондаған ақшамызды ала алмай отырмыз» деген құрылыс компаниясының жұмысшылары әділдік іздейді. Олар елдің солтүстігінде салынып жатқан тұрғын үйлердің бірінде жылу, жарық, электр желісін өткізген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шағым айтқан жұмысшылар Петропавлдың Береке шағынауданындағы 6 үйдің құрылыс-монтаж жұмысын жүргізген. Алғашында тапсырыс берушімен арада келісімшарт тиісінше жүзеге асады, жұмыс басталады. Бірақ уақыт өте келе, құрылыс материалы 50-60 пайызға қымбаттайды, жобалық-сметалық құжатқа өзгеріс енгізу қажет болады. Тұрғындардың айтуынша, «келісімшартқа қол қоя беріңіздер, уақыты жақындағанда ұзартамыз» деген әкімдік сөзден тайып кеткен.

– Жұмысшылардың 280-300 мың теңгеден жалақысын бере алмай отырмыз. Полиция шақырып, объектіден күштеп шығарды. Мұндағы жұмыс 95 пайыз аяқталды, – деді ЖШС мердігері Еспан Қожа.

Негізгі шаруа аяқталғанда, тапсырыс берушілер келісімшартты желеу етіп, кейінгі жұмысты басқа компанияға тапсыра салған. Шыққан шығынды өз қалтасынан төлеген жұмысшылар ақшасын алмаған.

– Екі объектіге 150 млн теңге кетті. Бұл ақшаға материал сатып алып, сол жерге орнаттық. Енді сол қалтамыздан шыққан ақшаны ала алмай отырмыз. «Еңбек» фирмасымен жасаған келісімшарт заңсыз деп есептейміз, – деді ЖШС директоры Ертай Ажайыпов

Петропавл қаласы әкімдігінің өкілі қазір құрылыс басында өзге компанияның жұмысты аяқтап жатқанын растады. Тапсырыс беруші алғашқы компанияның жұмысына көңілі толмаған көрінеді.

– Бірнеше рет әкімдік тарапынан оларға ескерту жасалды. Бірақ жұмыс уақытында істелген жоқ. Олардан тапсырған акт бойынша 400 миллионнан астам теңге мердігер компанияға төленді, – деді қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Қазір аталған іске қатысты сот жүріп жатыр. Жұмысшылардың талабы – шыққан шығынды қайтару.

Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Астанада жантүршігерлік жол апатынан 8 адам зардап шекті

Новости партнеров