«Алматы» телеарнасы зейнеткерлерді қарттар күнімен құттықтады

Almaty.tv
Almaty.tv
Әр қазақстандықтың міндеті – қарияларға қолдау білдіріп, қамқорлық көрсету
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Халықаралық қарттар күніне орай «Алматы» телеарнасы құттықтау шарасын ұйымдастырды. Жылдағы дәстүрден таңбай, әріптестеріміз алматылық зейнеткерді қарттар күнімен құттықтап, хал-жағдайын біліп қайтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарты бар елдің – қазынасы бар. Әр қазақстандықтың міндеті – қарияларға қолдау білдіріп, қамқорлық көрсету.

– Қартайған сайын әр мереке туған күн сияқты болып кетеді. Қалыпты өмір сүріп жатырмыз. Ешқандай шағым жоқ. Бір ғана аяқпен жүріп-тұру оңай емес, әрине. Сондықтан бәріне денсаулық тілеймін. Елімізде тыныштық болсын! – деді қала тұрғыны Алексей Кияницкий.

Халықаралық қарттар күнін атап өтудегі басты мақсаттың бірі – аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедек жандарға көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрін көрсету.                      

– Қант диабетіне байланысты мүгедіктігім бар. Балам дүние салған соң, ауырып қалдым. Қазір жалғыз тұрамын. Осылай ұмытпай келіп, көңіл бөліп жатқандарыңызға алғысым шексіз! – деді қала тұрғыны Таисья Шаменкова.

– Көсегең көгерсін! Жасың ұзақ болсын. Қадірлеп сыйлық бергендеріңе рақмет, – деді қала тұрғыны Жаңыл Кәрібаева.

Арнамыздың құттықтау шарасына талдықорғандық JLC сүт өнімдері мен «Айс Мастер» балмұздақ зауыттарының ресми өкілі «Unilactis Distribution» мен «Actuеl club optika Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілік көрсетті.

Телеарна ұжымы барша қазақстандық зейнеткерлерді келе жатқан қарттар күнімен шын жүректен құттықтайды.

Жансая Олжабек, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыздар: Алматыда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қандай қолдау көрсетіледі

Новости партнеров