Алматының Жетісу ауданында үш жылға арналған дамыту жоспары жасалады. Құжат наурыз айының соңында қабылданады. Бүгін бұл туралы қала әкімдігінде есеп берген аудан басшысы Мақсат Қиқымов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ, биыл ауданда 160 орындық балабақша салынады. Бірқатар әлеуметтік нысандар сейсмикалық жағынан күшейтіліп, күрделі жөндеуден өтеді. Қаладағы №43 және №177 мектепке 600 орындық жапсарлас ғимарат қосылады. 2020 жылы Қазыбаев көшесі күрделі, ал Ахтанов, Боткин және Бұрындай көшелерін орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Көкмайса және Кемел шағынаудандарына екі саябақ салу көзделген.
«Біздің ауданда 2020 жылы 42 «Сергек» видеобақылау камералары орнатылады. Биыл жалпы ұзындығы 22 шақырымды құрайтын 23 мекенжай бойынша жол жабындысын орташа жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланды. Оған қосамша, 6 мекенжайда жүргіншілер жолдарын салып, қайта ретке келтіреміз. Сыртқы жарықтандыру мәселесіне келсек, жазда 71 шақырым көшеге шамдары орнатылады», - деді Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ.