|
15.06.2023 | 19:32
581

Елімізде өрт сөндіруге арналған техникалар жеткілікті ме: ойран салған орман өртінің салдары талқыланды

Бүгін Сенат отырысында лауазымды тұлғалар осыған байланысты бірқатар ұсыныс жасады

Елімізде өрт сөндіруге арналған техникалар жеткілікті ме: ойран салған орман өртінің салдары талқыланды Almaty.tv

Абай облысындағы аптаға жуықтаған аласапыран апат саланың бар кемшілігін ашып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстанда әлі күнге өртті әуеден сөндіретін ұшақ жоқ. Тілсіз жауға төтеп беретін техниканы сатып алуға жылдар бойы ақша бөлінбей келген. Сұраныс жасалғанымен, қажетті қаражат қарастырылмады дейді төтеншеліктер. Бүгінгі Сенат отырысында да ойран салған орман өртінің салдары талқыланды.

Апта ішінде 60 мың гектар күл болды. Енді алқапты қалпына келтіруге кемі 100 жыл керек екен. Аласапыранға түсірген апаттың салдарын төтеншеліктер техника жоқтығымен де байланыстырды. Төтенше жағдайлар вице-министрі ақпарынша, қазір Қазақстанда жүзден астам өрт сөндіру бөлімі жетіспейді. Тіпті, иендегі елдімекендерде от тұтана қалған жағдайда техника аудан орталығынан жететін көрінеді. Ал қолда бар құралдардың өзі әбден тозығы жеткен. Өрт сөндіру жүйесінде 3600 техника жетіспейді деді сала өкілі.

«Бізде 426 өрт сөндіру бөлімшесі бар. Бұл жеткіліксіз, әлі де стандартқа сай емес, тағы 121 бөлімше ашу керек. Қазір министрліктің жоспарында бар. Жол картасы бойынша 21 өрт сөндіру пункті салынып жатыр. Ал техникаға келер болсақ, жабдықтардың 15%-ы немесе 470 бірлігінің қызмет ету мерзімі 20 жылдан асқан», – дейді ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев.

Салаға ауадай қажет техника қатарында өртті әуеден сөндіретін ұшақ та бар. Жылдар бойы тілсіз жауды өшіруге арналған құралды сатып алуға ақша бөлінбей келген. Төтенше жағдайлар вице-министрі сұраныс берілгенімен қаражат қарастырылмады деді. Салаға салғырт қараған жауаптылар жұмысы сенаторларды да алаңдатып отыр. Депутат Бибігүл Жексенбай өртке қатысты олқылықтарды айтып, бірқатар ұсыныс жасады.

«Қостанайдағы алапат өрттен үлкен сабақ алуымыз керек еді. Араға жарты жыл салып бұл оқиға қайталанып отыр. Бұл осы салаға жауапты тұлғалардың қауіптің салмағын сезінбегенінің көрінісі. Мұндай салғырттықтың соңы 15 маманның мезгілсіз өліміне алып келді. Қазақ «елу жылда ел жаңа» дейді. Біз ел тұрмақ техникамызды әлі жаңалай алмай келеміз. Неліктен? Бұл кімнің жауапсыздығы?», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай.

Министрлік өкілі салаға қажетті барлық техника алдағы үш жылда толық қамтылады деді. Бұл мақсатқа кешенді жоспарда 605 млрд теңге қарастырылыпты. Аталған қаржы жоғарыда айтқан 15% ескірген құрал жабдықтарды жаңалауға мүмкіндік бермек.

Камшат Мұхамеджан, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир