|
13.08.2020 | 20:05
1559

Сапарбаевтан көмек сұрады: Таразда жаңа ауданның тұрғындары жарық пен көгілдір отынға жарымай отыр

Ауыз су да үлкен мәселе

Сапарбаевтан көмек сұрады: Таразда жаңа ауданның тұрғындары жарық пен көгілдір отынға жарымай отыр Аlmaty.tv

Тараздық тұрғындар облыс орталығында тұрса да, ошақ жағып, күн көріп отыр. Себебі жаңа ауданға жергілікті билік не газ, не жарық жүргізіп бермеген. Соның салдарынан көп жыл бойы армандап салған үйлеріне кіре алмай отыр. Ал, қоныстанғандар болса амалсыздың күнін көріп отырғанын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Тараздағы Сүлеймен көшесінің аяғында орналасқан жаңа ауданның тұрғындары жарық пен көгілдір отынға жарымай отыр. Салдарынан қазір бір қауым болған мұндағы жұрт мотордан тоқ алып, даладағы ошаққа ас әзірлеп жүр. Ал, жұрт үйін салып, көшіп келуге сақадай-сай. Дегенмен қалада орналасқан аумақта коммуналдық қызметтің болмауы кедергі келтіруде. Бірақ соңғы ақшасына баспана салғандар басқа жерден пәтер жалдауға шамасының жоғын айтады. Алайда ауыз су да үлкен мәселе.

«Қыста қай жаққа қыстаймыз? Ертең қылышын сүйретіп қыс келеді. Сол үшін біз облыстың әкімі Сапарбаевтан бізге жәрдем беріңіз деп сұраймыз. Жарық берсін», – деді қала тұрғыны Шорыс Қыдырбаев.

Тұрғындар тротуар мен бордюрлердің алты ай бұрын салынып, қайта алынғанын айтады. Себебі – белгісіз. Салдары шашылған бетондар мен ой шұңқыр. Енді бала-шаға сонда түсіп кете ме деп алаңдайды. Сондықтан билік базынамызға құлақ асып, жарық тартып берсін деп талап етуде.

«Ертең балалардың оқуы басталады. Онлайнмен оқиды деп жатыр. Бізде жарық, газ мәселесі. Балаларымыздың тамағы ашып жатыр. Бәрінде емізулі екі-үш баладан бар», – деді қала тұрғыны Қалдыбай Әлдибек.

Әкімдік өкілдері аталған аудандағы жеке секторлар,  о баста жоспарға енбей қалғанын айтады. Енді енгізу үшін жаңа жоба жасалыну керек екен.

Шыңғыс Әлиасқар, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Электр және газбен қамтамасыз ету үшін жаңадан жоба әзірлеу керек және құрылыс монтаж жұмыстарына ақша бөлінсе, біз өз тарапымыздан жұмыс жүргізуге дайынбыз.

– Биыл жасалмауы мүмкін бе?

– Мүмкін.

Жауаптылар дәп қазір қанша дайын болғанымен, бұл жерге қаржы бөлу жоспарда жоқ екен. Келер жылы да болмауы мүмкін деп қалды.  Сондықтан жанға қажетті жағдайдың бәрі мұнда әлі әзір болмайтын секілді. Ал, көпшіліктің күтуден басқа амалы болмай тұр.  

Мерей Бает Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Тараздан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир