|
Қоғам
30.05.2019 | 21:43

Бұдан былай ауыл балаларының қауіпсіздігіне жергілікті әкімдер жауап береді

«111»- сенім телефоны балаларға зорлық-зомбылықты көбіне өгей әке-шешесі жасайтынын көрсеткен

Бұдан былай ауыл балаларының қауіпсіздігіне жергілікті әкімдер жауап береді

Бұдан былай ауыл, аудандардағы балалар құқығы мен қауіпсіздігіне жергілікті әкімдер тікелей жауапты болады. Алыс-жақын жатқан ел-аймақтардағы мемлекеттік қызметшілер балалардың қорлық көрмеуін, олардың қылмысқа бармауын, отбасындағы тәрбиесін бақылайды. Балалар омбудсмені, сенатор Сәуле Айтпаеваның айтуынша, елдегі сұмдық жағдайлардың көбі шағын елдімекендерде орын алған соң осындай шешім қабылданған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Соңғы кездері балаларға қатысты сұмдық, жаға ұстатарлық жағдай көбіне ауыл мен аудандарда орын алып жатыр. Сондықтан әкімдерді кәмелет жасқа жетпеген балалардың құқығына жауапты жергілікті комиссия басшысы етіп бекіттік. Ауыл, аудан басшылары орталықтағы басшылыққа бағыт беріп отыруы тиіс. Сонымен қатар, атқарылған жұмыс туралы халық алдында жауапты болады» – дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты, балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Сәуле АЙТПАЕВА.

«111»- сенім телефонына түскен қоңыраулар балаларға зорлық зомбылықты көбінесе өгей әке мен шеше жасайтынын көрсеткен. Өкініштісі, соңғы жылдары қоңырау шалатындар көбейген. Сенатор әрі омбудсмен Сәуле Айтпаева жаңа заңжобасының ұсынылғанын айтты. Енді зорлық жасап, темір торға тоғытылғандар өмір бойы балаларға жақын қызметке тұра алмайды және олар жазасының үштен екі бөлігін өтемей тұрып, уақытынан бұрын босатылмайды. Айта кетейік, биылғы жазғы демалыста 3000-нан аса тәртіп сақшысы жасөспірімдер мәселесіне жауапты болады.

«Балалар үйден тыс, ойнау алаңдары, аулаларда, жолдарда, су жағасында, көп уақыт өткізетіні белгілі. Сондай-ақ жеке құрам кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта, көшеде, ата-анасыз және компьютерлік клубтарда көп болатынын анықтаған. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігімен қоғамдық орындар және балалар баратын орындар бақылауға алынады», – дейді  ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары  Марат ҚОЖАЕВ.

Әлі оң-солын танымаған балаларға компьютерлік ойын ойнатқан 600 кәсіпкер мен 22 мың ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мамандар жазғы демалыста ата-ана қауымына балалары қайда барса да бас-көз болуға шақырады. Әсіресе, суға шомылу аймақтарында.

Айта кетейік, жыл басынан бері 10 бала суқоймаларында ойнап жүріп, көз жұмған.