|
12.12.2023 | 19:33
3081

Қолайсыз ауа райы: Петропавл қоқыс алаңына айналды

Төтеншеліктер, аязды күндері өрт жағдайы көбейгенін айтты

Қолайсыз ауа райы: Петропавл қоқыс алаңына айналды Almaty.tv

Петропавлда бірнеше күннен бері сарышұнақ аяз сақталып тұр. Ауа райының қолайсыздығынан коммуналдық қызметтің жұмысы тоқтап, қала қоқысқа толған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Петропавлда бірнеше күннен бері сынап бағанасындағы көрсеткіш -35°С. Жел екпінін қосқанда, ауа температурасы -40°С сезіледі. Жүргізушілер көлігін оталдыра алмай әбігерге түскен. Әсіресе дизельмен жүретін ауыр жүк көліктерін қыздыру қиынға соққан.

– Қыздырып тұрғаныма 4 сағат болды. Әлі 2 сағаттай уақыт керек. Тек осы аралықта 15 литр дизель отыны кетті. 620 теңгеден санай беріңіз. Өте қымбат. Көлікті бір қыздырып алғаннан кейін өшірсең, мүлде оталмай қалып жатыр, – деді қала тұрғыны Руслан Сүлейманов.

Аязды күндері қаладағы 39 үй көгілдір отынсыз қалды. Мұны жауаптылар «техникалық пропанның» қатты аязға төзімді болмауымен байланыстырып отыр. «Горгаз» компаниясы тұтынушыларға «пропан-бутан» қоспасын жеткіземіз деп сендірді. Ал әзірше 3 мың 342 пәтер газға мұқтаж. Газбен қамтуға жауапты мекеменің болжауынша, жағдай бірнеше рет қайталануы мүмкін.

– Төрт ай бойы монополияға қарсы органның нұсқаулығына сәйкес, «техникалық пропан» газын белгіленген бағамен сатып ала алмай жатырмыз. Күн тағы суытса, көпті газбен қамтамасыз ете алмай қалуымыз мүмкін, – деді «Горгаз-сервис» ЖШС директоры Олег Иванов.

Жергілікті коммуналдық қызметтің де жұмысы тоқтап қалған. Қоқыс шығаратын компаниялар аяздың болатынын ескермеген, соған сәйкес техника мүлдем дайындалмаған. Салдарынан контейнерлер қоқысқа толып тұр. Енді оны шығаратын компанияларға айыппұл салынады.

– Бүгінгі таңда қаладағы қоқысты 4 кәсіпорын шығарады. Оларда 25 техника бар. Бір аптада Петропавлда ауа райы күрт төмендеді. Сол себепті техниканың бәрі жұмысқа шықпады. Компанияларға техникасын жөндеп, қаланы қоқыстан тазартуға тапсырма берілген. Жұмысын уақытында орындамаған кәсіпорындарға әкімшілік айыппұл салынды, – деді қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Аяз салдарынан өткен түні Мамлют ауданы Воскресеновка ауылының әкімдік ғимараты өртеніп кетті. Жылу қазандығында пештен шыққан от мекемені түгел шарпыған. Нәтижесінде елдімекен жарықсыз қалды. Төтеншеліктер аязды күндері өрт жағдайы көбейгенін айтты.

– Ауа райының суытуына байланысты өрт көбейді. Әсіресе пешті пайдалану кезінде ереже бұзылғаны анықталды. Көлік жүргізушілері тарапынан да қоңырау көбейді. Аяз салдарынан көліктер оталмай жатыр. Автокөлік иелері уақытылы техникалық тексеруден өтуі тиіс, – деді СҚО Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Дмитрий Растихин.

Синоптиктер алдағы күндері аяз сақталатынын хабарлады. СҚО-да 347 жылыту пункті бар.

Нұргүл Алина, Қазбек Арықпаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: Алматыда қар тазалау жұмысы қалай жүргізіліп жатыр

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир