|
04.04.2020 | 19:33
96760

Алматыда себепсіз көшеге шыққан көлікті-жаяулының бәрі қатаң жазаға тартылады – әкімдік

Қала басшылығы алдағы екі күнде көшелерді көліктен толық тазартуды қолға алмақ

Алматыда себепсіз көшеге шыққан көлікті-жаяулының бәрі қатаң жазаға тартылады – әкімдік  Almaty.tv

Қалада 30 наурыз бен 13 сәуір аралығында төтенше жағдайдың күшейтілген тәртібі енгізілді. Науқастарды емдеп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген, сондай-ақ такси, азық-түлік жеткізетін қызметтерден өзге, жеке азаматтарға көлікпен де, жаяу болса да, себепсіз көше кезіп жүруге болмайды. Оның өзінде жұмыс беруші тарапынан көлік жүргізушісінде арнайы анықтамалық рұқсат қағазы болуы керек. Қала тәртібін бақылау мақсатында қалалық Полиция департаменті көшелерінде үнемі рейд жүргізіп тұрады.

Қалада төтенше жағдайдың орнауына байланысты негізгі талапты сақтамағандар қатаң түрде тексеріліп жатыр. Төтенше жағдайдың орнауына байланысты қалада кешкілік уақытта уақытта жүруге тыйым салынады.

Төтенше жағдай кезінде тәртіпке бағынбай, жалған құжат жасап алғандарға әкімшілік құқықбұзушылық жаза қолданылады. Айыппұл көлемі – 26 мың теңге. Сондай-ақ 15 тәулікке дейін қамау жазасы да қарастырылған. Рейд барысында ереже бұзған азаматтар кездесті. Тіпті, жалған құжат жасап алғандар да бар екен. Оларға хаттама толтырылып, көліктері айыппұл тұрағына жөнелтілді.

Төтенше жағдай кезінде шектеу шараларын күшейту жұмыстары шаһар басшысының тікелей бақылауында. Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – ауа-тамшылы жолмен берілетін коронавирустың белең алып кетпеуіне тосқауыл қою деп түсіндірді қала басшысы Бақытжан Сағынтаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.  Кешкі рейд жұмыстарына қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановтың өзі қатысты.

«Мінекей, бүгін осы бекеттен 20 машина айыптұраққа қойылды. 40 адамның үстінен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қазір әкімшілік хаттама жазып жатыр. 2 күннің ішінде қаланы көліктен тазалайтын боламыз. Машиналардың бәрін гаражға қойып қоямыз. Гаражға қоймасақ, айыптұраққа жөнелтеміз. Оның бәрін халық түсінуі керек», - деді  Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан ҚОЖАҒАПАНОВ.

Бұл шаралар сіз бен біздің қауіпсіздігіміз үшін жасалып жатыр. Сондықтан қала басшылығы тұрғындар бұған түсіністікпен қарайды деген сенімде. Төтенше жағдай кезінде қауіпсіздік шараларын бұлжытпай орындаудың өзі ортақ іске қомақты үлес қосқанмен тең. Сондықтан басты талап – үйде болу

Ұлағат АРҒЫН, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир