Алматыдағы сауда үйінің бірінде кәсіпкерлер шу көтерді. Олардың айтуынша, нысанның қожайыны сауда орнын жалға алу құнын ай сайын негізсіз көтереді. Ол аздай, ұсақ-түйекті сылтауратып, әр кәсіпкерге қомақты айыппұл салатын көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін қаладағы сауда үйінің бірінде нәпақасын тауып, күнін көріп жүрген кәсіпкерлер жұмысын ысырып қойып, басшылық отыратын кеңсе алдына жиналды. Олардың айтуынша, нысан иесі осыдан 6 ай бұрын жалға алып отырған орын құнын 500 мың теңгеге көтеріп жіберген. Енді алдағы айдан бастап оны тағы 200 мыңға қымбаттату туралы ескертпе қағаз келіпті. Ал оның себебін еш түсіндірмейтін көрінеді.
– Бір жыл өтпей жалға алу құнын 2 рет көтерді. Мен келген кезде 300 мың төлейтінмін. Қазір 500 мың теңге болды. Басшылықты шақырсақ, тек әкімші келеді. «Төлемесеңдер, орынды босатыңдар» дейді. Бастықтарды танымаймын, бүгін келіп тұрған адамды бірінші рет көрдім, – деді кәсіпкер Нұрлан Нұрахмет
Кәсіпкерлердің айтуынша, оймақтай жер үшін қомақты ақша төлегенімен, сауда үйінің ішінде ешқандай жағдай жасалмаған. Жаз мезгілінде салқындатқыш істемейді, ал қыста қалың киіммен тұруға мәжбүр. Ол аздай, түрлі жағдайды сылтауратып айыппұл да салатын көрінеді.
– Тап-таза тұрған жерді шаң деп 5 мың теңге айыппұл салды. Салқындатқыш істемейді. Қыста суық. Жағдай жоқ, төлейтін ақшамыз 400-500 мың теңге, – деді кәсіпкер Самат Сәдуақасов.
Ал сауда үйінің басшылығы жалға алу құны көтерілмес бұрын, әрбір кәсіпкерге ескерту қағаз жіберілетінін айтты. Олар шу шығатынын күтпеген көрінеді.
– Сауда орнын жалға алу құнын көтеру телефон аксессуарларын сататын кәсіпкерлерге ғана қатысты. Біз ұялы телефондарға жөндеу жүргізетін шеберлерді бөлек аймаққа шығарғымыз келеді. Қазір сату орны мен жөндеу жүргізетіндер жүйесіз орналасқан. Сауда үйінде тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін тәртіп орнатқымыз келген. Нысаннан жөндеу жүргізетін орын алу үшін қосымша ақы төлеу керек, – деді сауда үйі директорының орынбасары Ерлан Бейсенбаев.
Басшылық тарап мәселені жан-жақты қарап, алдағы уақытта кәсіпкерлермен жиналыс ұйымдастыруға келісті. Десе де, жұмысшылар бұл сөзге сенбейді.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда «HALAL EXPO-2023» халықаралық көрмесі өтеді