|
11.11.2020 | 20:27
5161

Мемлекеттік тіл елдегі ауызбіршілікті сақтауға септігін тигізеді – Елбасы

Республикада тұратын азаматтардың 70 пайызы қазақ тілінде сөйлейді

Мемлекеттік тіл елдегі ауызбіршілікті сақтауға септігін тигізеді – Елбасы

Елдегі бірлікті бекем қылып, тұрақты бейбітшілікті сақтауда мемлекеттік тілдің маңызы зор. Тұңғыш президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті кеңесінде осылай деді. Онлайн өткен жиында ұлттардың ұйымшылдығы да сөз болды. Келелі кездесуде тағы қандай мәселелер қаузалды?Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек тарқатып айтсын.

Пандемияға байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті кеңесі әдеттегідей емес, виртуалды түрде өтті. Жиында алғаш болып сөз алған Қазақстанның тұңғыш президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ассамблеяның жұмысына тоқталып, елдегі бейбітшілікті сақтауда мемлекеттік тілдің маңызы жоғары деді. Сонымен қатар, республикада тұратын азаматтардың 70 пайызы қазақ тілінде сөйлейтінін жеткізді. Сондықтан ұлтты ұйымшыл ететін тіл екенін атап өтті Елбасы.

«Мемлекеттік тіл осы елдегі ауызбіршілікті сақтауға септігін тигізеді. Оған Арыстағы жағдай, Мақтаралдағы оқыс оқиға куә. Осындай қиын кезде Қазақстандағы жомарт жандар қолдарынан келгенше көмегін аямады. Бірліктің арқасында біз жаңа ауылды қайта тұрғыздық. Бұл біздің бірлігіміздің мығым екенін көрсетті», – деді Қазақстан республикасының тұңғыш президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Елдегі түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүруінде Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарар рөлі ерекше екенін атап өтті Елбасы. Ал жиынға қатысқан өзге ұлт өкілдері мұндай бас қосудың маңызы зор екенін айтады. Ассамблея мүшелері елдегі бірлікті, бейбітшілікті сақтауда ауқымды жұмыстар атқарып жатыр дейді.  

«Қазақстан халқы Ассамблеясы көптеген адамға қол ұшын созып, көмектесті. Пандемия кезінде қол қусырып отырмадық. Жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік жеткізіп, барынша жағдай жасауға тырыстық. Сонымен қатар, Ассамблея түрлі әлеуметтік бастамаларға да қатысып келеді. «Рухани жаңғыру», «Біз біргеміз» сынды жобаларда біріге жұмыс істеді», – деді Қазақстандағы Әзірбайжандар қауымдастығының төрағасы Абильфас Хамедов.

«Мен мемлекеттік тілді тұрмыстық жағдайда білемін,   толық түсінемін. Өйткені қазақ тілі мен түрік тілі өте ұқсас. Елбасы айтқан мәселелер өзекті. Осы елде тұратын әр азамат осы мемлекеттің ана тілін білуі міндетті. Сондықтан тілдің атқарар рөлі ерекше», – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Зиаддин Гасанов.

Келелі кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елден көшіп кетіп жатқандарға да тоқталды. Тұңғыш президент олардың не үшін қоныс аударғанын түсінбейтінін айтады. Белгілісі, жергілікті әкімдіктер тұрғындардың өзге мемлекетке қызықпайтындай, өзімізде жағдай жасау керектігін қадап айтты.

Өмір Әнуарбек, Мұратбек Алмасхан, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир