Атырау облысы Қызылқоға ауданының шаруаларының айтуынша, қарғын судың пайдасын көруге болады. Бұған дейін жем-шөпті өзге өңірден жиып, су қорын молайту үшін басқаларға алақан жайып келген олар тасыған Ойыл өзенінен пайда көрмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұған дейін шаруалар жайылым мен шабындық алқабын кеңейту үшін өзге өңірлерден жем-шөп тасып қиналатын. Өйткені облыста су мөлшері аз еді, сәйкесінше ауыл шаруашылығын дамытуға біраз қиындық туған. Ал Ойыл өзенінен шыққан мол су Тасшағыл ауылының маңайындағы алқаптарға жетіп, ахуал біршама жақсарған.
– «Тіленші» – үлкен алқап. Ол жерде Тасшағыл ауылдық округіне қарасты 4 көл, Қаракөлге қарасты 2 көл бар. Су 2 ауылдың тұрғындары үшін малға да, жанға да өте жайлы болмақ, – деді шаруа Марат Жалдекенов.
Ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығымен айналысқан Думан Аманғалиұлының айтуынша, судың мол келуі шаруалар қуантып отыр. Шабындық алуға, төрт-түлік санын көбейтуге болады.
– Ақтөбе жағынан келіп жатқан судың шабындыққа пайдасы бар. Орал, Ақтөбенің суы «Жамансайға» ағып жатыр. Сол жерлерден шабындық алуға болады, – деді шаруа Думан Аманғалиұлы.
Мал басын көбейтуді мақсат қылған шаруалар нарықтағы ет бағасын қолжетімді етуді көздеп отыр. Сонымен қатар, ауданда бау-бақша еге бастаған диқандар да көбейген. Былтыр 3 округтің диқандары 70 гектар жерден 36 мың тонна өнім жинаған.
– Биыл 160 гектарға егін ектік. Ауылдың жеке азаматтары мен кәсіпкерлері 50 гектарға жоңышқа өсірмек. Басты мақсат – келген суды игілікке жарату, – деді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ержан Нұрғали.
Ауданда мал шаруашылығымен айналысатын 40-тан аса шаруашылық бар. Былтырғы көрсеткіш те жаман емес. Биыл Ойыл өзені арқылы келген мол су кенжелеп қалған саланы одан әрі түрлендірсе, шаруалар егістік пен мал басы көбейіп, азықты да аталған өңірден жинауы мүмкін.
Жұлдыз Қайрат, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Қарғын су: құжаты жоқ малдың шығыны қалай өтеледі