42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді ала алмаған тұрғындардың өтініші қайта қаралуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінге дейін қала бойынша 3 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Карантин кезінде олардың шын мәнінде жұмысы тоқтағаны анықталса, кезең-кезеңімен ақша беріле бастайды. Ол санатқа кімдер кіреді? Тапсыратын құжаттың тізімі қандай?
Төтенше жағдай кезінде Алматы қаласы бойынша 447 мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алған. Соның бірі - Алена Потапкина. Туризм саласында қызмет ететін ол екі айдан кейін жұмысына қай шыққан. Қаржы жағынан азда болса қиындық болғанын жасармады. Десе де, мемлекеттен түскен әлеуметтік төлем біраз көмек болғанын айтады.
«Елімізде төтенше жағдай кезінде 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді 2 рет алдым. Бірінші мәрте телеграм бот арқылы компания қызметкерлері болып өтініш бердік. Еш кедергісіз ақша картамызға түсті. Ал екінші рет берілген көмекке ешқандай құжат өткізбедік. Автоматты түрде түсті. Жұмысымыз қысқарған кезде мемлекеттен берілген бұл ақша кімге болмасын үлкен көмек болғаны сөзсіз. Алғысым шексіз!» – деді қала тұрғыны Алена ПОТАПКИНА.
Ал, төтенше жағдай кезінде әлеуметтік төлемге өтініш беріп, төлем тағайындаудан бас тартқаны туралы смс хабарлама алғандар ше? Олар да ескерусіз қалмайды. 11 мамырға дейін осындай 3 мың алматылық құжаттарын қайта қарауға өтініш тастапты. Ескере кететін жайт, бұған дейін өтініш беріп үлгермегендер, қайтадан құжат тапсыра алмайды. Әлеуметтік төлем тек төтенше жағдай кезінде ғана берілді.
«Жұмыс орны тоқтатылған болса немесе жалақысыз жұмыстан босатылғаны туралы бұйрық пен сәйкес құжаттары болса, онда Әлеуметтік әл-ауқат басқармасына келіп, қайта өтініш тапсыруға болады», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛКЕБАЙҰЛЫ.
Жалпы әлеуметтік төлем алуға 898 мыңнан астам алматылық өтініш берген. Оның 50 пайызына төлем жасалған. Ал, қалғандарына түрлі себептермен қаржы берілмеген. Айта кетейік, ақша ала алмағандардың өтінімдері 1 желтоқсанға дейін қаралатын болады.
Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы