|
10.02.2022 | 19:58
5498

Көшесі жоқ ауыл тұрғындары: Жедел жәрдем түгілі, жеңіл көлік кіре алмайды

Алматыға тиіп тұрсақ та, иесіз ауылға ұқсаймыз деген жұрт билік өкілдері ат басын ауылдарына бұрса екен дейді

Көшесі жоқ ауыл тұрғындары: Жедел жәрдем түгілі, жеңіл көлік кіре алмайды Almaty.tv

Алматы облысы Іле ауданы Жәпек батыр ауылының тұрғындары «көшеміз жоқ болғасын, баламызға не жедел жәрдем келмейді, не оқушымыз сабаққа бара алмайды» деп наразы. Оның үстіне, жарықсыз, ойқы-шойқы жолдары батпаққа толып, адам тұрмақ көлік өте алмайтын күйге жеткен. Алматыға тиіп тұрсақ та, иесіз ауылға ұқсаймыз деген жұрт билік өкілдері ат басын ауылдарына бұрса екен дейді. Жұрттың жанайқайын Almaty.tv тілшісі тыңдап қайтты.

Тар жолда батпақ кешіп, қорғансыздың күнін көрдік деген көпшілік базынасын айтты. Жарықсыз көшеде, батпаққа батып жүріп су тасып ішкен тұрғындар соның кесірінен оқушымыз да сабақтан жиі қалады дейді.

«Қайтарда қадәмгідей балшық болып келеміз. Үйге балшық болып келеміз. Үйге жету қиын», - дейді Жәпек батыр ауылының тұрғыны Аяна Жаңылбай.

«Ауыз су мәселесі өте қиын болып тұр. Аяғы ауыр келіншектер кәдімгідей су тасимыз», - дейді Жәпек батыр ауылының тағы бір тұрғыны Алтынай Исмаханова.

Мұндағы тұрғындар жолы жасалмаған, суы берілмеген иесіз ауылға билік өкілдері аттап баспайды дейді. Өйткені олардың су жаңа көлігі мына балшықта былғанып қалады деп астарлап отыр.

Ал апатты жағдай орын ала қалса, өрт сөндіру көлігі кіре алмай, ауылдың ана басынан қайтады екен. Ол аздай ауыл сыртына қойған тұрғындардың көлігін талай мәрте тонап та кеткен.

«Жедел жәрдем келмейді, мен бір рет шақырдым бара алмады. Такси шақыртып, жолдың бойына әрең шығып бардым. Баламен де жүре алмайсың. Тіпті, күйеуім көлігін анау жолға тастап кетеді», - дейді келесі бір тұрғын Әсем Ермекбаева.

Батпаққа белшеден батқасын толғатқан анаға, ауырған балаға жедел жәрдем шақыра алмай әлекпіз дейді. Кей кезде мүгедек баламызды жолға дейін өзіміз көтеріп барамыз деп отыр.

Ал жарыққа жарымағасын тұрмыстық техникамыздың тамтығы қалмай күйіп кетеді дейді мұндағы халық. Алматыдан алты шақырым жерде тұрсақ та, иесіз ауылмыз деп ұнжырғасы түскен жұрт бос уәдеге тойдық деп отыр.

«Әкімнің өзін өткенде күзде шақырдық. Сонда бізге әкім «Мен қалтамнан төлеп бере алмаймын, енді не қылайын» деген еді», - дейді тұрғын Амангүл Алмаханова.

Ал жергілікті билік аталмыш мәселеден хабардармыз, алайда бюджеттен бөлінген ақшаға қарай жоспаралаймыз деп ақталып отыр.

«Су мәселесін шешкеннен кейін барып, жол мәселесін қарастыратын боламыз. Су мәселесіне қазір жобалық сметалық құжаттама әзірлеп жатырмыз. Ал жарық мәселесі жиі өшпейді, бүкіл ауылда өшкен соң бұл жерде де өшеді», - деді Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Жасұлан Оңалбай.

Мәселесі бастан асатын ауылдың әкімі барлығын кезең-кезеңімен жасатып беремін деп отыр. Алайды нақты қай уақытта шешілетіні белгісіз деп қысқа қайырды.

Әлібек Шынтемір, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир