Атырауда неге арық жоқ: екі аптадан бері қаланы су басып қалды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қала билігі «төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ» дейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауды екі аптадан бері қаланы су басып, мұнайлы өлке тұрғындарын әбігерге салды. Шаһар көшелерінде көлікпен қатынау қиынға соғып, жүргізушілер жолға арнайы белгі орнатып әлек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Атыраудағы ахуалдан шаршаған жұрт қаладағы жағдайды әлеуметтік желіде әзілге айналдырған. Әзілдемей қайтсін? Әкімдік ел сөзін естімейді. Екі аптадан бері шаһар шағын Венецияға айналған. Қала ішінде адам түгілі, көлік қатынасы қиындады. Тіпті 5-ықшамауданның азаматтары үйге терезе арқылы секіріп кіруге мәжбүр. Ал тұрғын үйін топан су басқандар ауыл-ауылдағы ағайынды жағалап жүр. Қаланың қақ ортасында тұратын Серік Қажығалиұлы да әу баста есік алдын өз бетінше тазаламақ болған.

– 2016 жылы өтемақы беріп салып алды. Біздерге ондай мүмкіндік берген жоқ. Жатын бөлмесі жоқ, әжетханаға бара алмаймыз. Үйге секіріп кіреміз, әрине, қауіпті. Аяғым аурады, – деді қала тұрғыны Серік Қажығалиұлы.

Ең қиыны – қала билігінің жағдайды біле тұра, жайбарақат отыруы. «Төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ» деген атқамінерлер жауын-шашын шамадан тыс болғандықтан, жағдайдың күрделеніп кететінін ескермеген көрінеді. Олар алаңдауға негіз жоқ дегеннен әрі аспады. Алаңдамас үшін 100-ден аса техниканың жұмылдырылыпты.

– Екі-үш күнде жауған қар мен жаңбырдың мөлшері көп. Сәйкесінше, қала бойынша жерасты суы жер бетіне көтерілу фактісі байқалуда. Оған қар мен жаңбырдың суы қосылды. Тұрғындардың ауласындағы қарды шығармауына байланысты, ол еріп, суға айналды. Оларға көмектесіп жатырмыз, – деді қала әкімінің орынбасары Ерболат Умаров.

Жауаптылар қалада жағдайдың күрделеніп кетуіне тұрғын үйлердегі кәріз құдығының жарамсыздығы да себеп дегенді алға тартты. «Атырауда неге арық жоқ?» деген сұрағымызға әкімнің орынбасары нақты жауап бере алмады. Екі аптада шаһар көшелерінен 60 мың куб су жиналған.  

Жұлдыз Қайрат, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысынан

Оқи отырыңыз: Кім кінәлі: Түркістан облысындағы 32 отбасы малынан айырылды

Новости партнеров