Биыл Алматыда 121 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазірдің өзінде ұзындығы 111 шақырымды құрайтын жолдар жөнделіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жұмыстардың бәрі толықтай қыркүйек айында аяқталады дейді мамандар. Ал, оқушыларға кедергі келтірмес үшін кейбір көшелерде жұмыс мамыр айының соңында басталады.
Бүгін жол жөндеу жұмыстары басталған Әуезов ауданы әкімдігі коммуналдық мекеме, кәсіп иелерімен жиналыс өткізді. Себебі, көшені тегістеуге барлығы ат салысуы керек.
Айта кетейік, 2019 жылы ауданда 7 шақырымдай болатын 16 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
«Орташа жол жөндеу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда екі көшеде жүргізіліп жатыр. Біреуі Юрий Ким көшесінде, екіншісі Ақсай-1 спорт мектебіне баратын жолда жүргізілуде. Жалпы, айтқанда тек көшелер ғана емес, үйдің қасбеттері де жөндеуден өтеді», - деді Алматы қалалық Мобильділік басқармасының бас маманы Айдын Тойбазаров.
Сондай-ақ, биыл Алматының Алатау ауданында да 21 көше тегістіледі. Жалпы, жасалатын жолдың ұзындығы 21 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда 4 көшеде жөндеу басталды. Жұмысты шамамен маусым айының аяғына бітіру көзделіп отыр. Ал, жұрт көшенің жасалу кезінде қуаныш сезімі кернемесе, ешқандай қолайсыздық көрмедік деп отыр.
«Жолды жөндеп жатқан компания тұрғындардың талап-тілегін ескергені қуантты. Жөндеу кезінде ешқандай қиындық көрген жоқпыз. Жолдың жасалатын жері ғана уақытша жабылып, қалғаны ашық болды. Көлік жүргізушілеріне де, халыққа да ыңғайлы. Көшеміздің жасалуын ұзақ күттік. Әсіресе, көктемде қиналатын едік», - дейді алматылық тұрғын Энвер Жұмағұлов.