Жаз басталғалы Жезқазған жұрты жүрексініп отыр. «Балаларды далаға шығаруға қорқамыз» дегендер көшеде маскүнемдердің көбейгеніне шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Себебі шағым айтқан тұрғындар тұратын көшеде үй-күйсіз жүргендерді уақытша паналау, оңалту орталығы орналасқан. Ал мекеме басшылығы «оларды сыртқа шығармауға құқымыз жоқ» деген көрінеді.
– Ол жерде мастар жүреді. Көшеде темекі сұрайды. Ондай адам балаларға не істемейді? Қашанғы алаңдап отырамыз? – деді қала тұрғыны Серік Төлеуов.
– Үш баламды далаға шығарып, ойнатуға қорқамын. Таңертеңнен мас күйінде жүреді. Балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдап, қараусыз қалдыра алмаймыз, – деді қала тұрғыны Жазира Жылқыбаева.
Редакцияға хабарласқан тұрғынның бәрі Сарыарқа көшесінде тұрады. Бұл көшеде бейімдеу орталығы да орналасқандықтан далада маскүнемдердің көп жүреді.
– Мұнда түскен адамдарды медициналық бақылаудан өткіземіз. Одан кейін ол адаммен сұхбат жүргіземіз. Оған қандай көмек қажет екенін анықтаймыз. Жеке тұлғамен мемлекет келісімшарт жасайды. Олар 6 ай мерізімде орталықта болады. Мекемеде заңгер бар, психолог бар. Тұрғындар « шықпау керек» дейді. Олардың құқығын шектей алмаймыз, бүгін келген адам ертең өтінішін жазып кете береді, – деді Өмірлік қиын жағдайдағы тұлғаларды қайтадан әлеуметтендіру орталығының директоры Жақып Аймырза.
20 адамға шақталған орталықта қазір түрлі жағдайдағы 17 азамат тұрып жатыр. Көпшіліктің талабын тыңдаған қалалық әкімдік өкілдері ешқандай заңсыз әрекет жасалмағанын алға тартты.
– Ғимаратты жалға алу бойынша мемлекеттік сатып алу порталына конкурс жарияланып, ЖК Слямова мердігер ұйымы ұтып алды. 2024 жылдың мамырынан Сарыарқа көшесі 8 ғимаратына ауысты. Бүгінгі таңда бұл ғимаратта сыйымдылығына байланысты қиын жағдайға тап болған азаматтарды қабылдауға арналған 20 орын бар. Оларға әлеуметтік қызмет көрсетілуде. 2024 жылға орталықтың қажетіне байланысты жергілікті бюджеттен 105 млн 603 мың теңге қаражат бөлінді, – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Жылқыбаева.
Жауаптылар мекемеге түскен адамдардан қорқудың қажеті жоғын айтты. Ал орталықты қала шетінде орналастыру деген заңда көрсетілмеген.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысынан
Оқи отырыңыз: Қарағандылық үлескерлер үйсіз қалуы мүмкін