«Тасқын салдарынан үйдің шатыры ғана көрінеді». Қарғын судың зардабын көріп жатқан ақтөбеліктер төрт түлігімен қоса шұғыл түрде эвакуацияланды. Қобда ауылының тұрғындары былтыр да су астында қалған. Алайда биыл жағдай тіпті қиын. Өйткені су басқан үйлер саны өткен жылдан әлдеқайда көп екен. Қазір облыс орталығындағы үш ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тасқын судан зардап шеккен Қобда ауылының тұрғындары құтқарылып жатыр. Ғимараттар су астында қалған, облыс орталығына апарар жол жабық. Өйткені Самара-Шымкент тас жолының бөлігі шайылған. Төтеншеліктердің айтуынша, қазір қала аумағындағы өзендердің бәрі қауіп төндіріп тұр. Арнасынан тасыған Қарғалы өзені аудандағы үйлерді басып қалған. Дәл осындай жағдай 2017 жылы болған.
– 2017 жылы осындай жағдай болды. «Үй салып береміз» деген. Баспана сыз тартып тұрды, сонда да тұрдық. Бізге ешқандай көмек берген жоқ. Су терезе деңгейіне көтерілді. Ал енді бұлар қайда барады? Сегіз баласы бар көпбалалы ана, – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Қалдықыз Құдайбергенова.
Ақтөбенің шеткі аудандарында да жағдай мәз емес. Су белімізден келеді деген саяжай тұрғындары қайықпен қатынауға мәжбүр. Әзірге қауіпті аймақтардан 3 мыңға жуық адамның көшірілгені белгілі. Олардың арасында қарттар мен сәбилер, мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Қазір барлығы жақын маңдағы мектепке орналастырылды.
– Қазіргі таңда 87 адам бар. Оның 49-ы - кәмелет жасына толмаған балалар. Екі күннен бері оларға жағдай жасап жатырмыз. Асхана бар, демеушілер, әкімшілік тарапынан қажетті заттармен қамтамасыз етілуде, – деді Қарғалы орта мектебінің директоры Жасұлан Жанайдаров
Жалпы облыста 236 үй мен жүзге жуық аула су астында қалды. 16 елдімекенмен байланыс жоқ. Жақын маңдағы үлкен үш су қоймасы қатаң бақылауға алынды. Өйткені су деңгейі тораптардың сыйымдылығынан асып кетіп, қауіп төндіріп тұр.
– Тасқынның алдын алу мақсатында суды ағызуға мәжбүрміз. Өйткені әлі де қауіпті аймақтарда тұрған үйлер мен саяжайлар бар. 73 үйдің ішіне су кірген. 155 адам құтқарылды. Барлық зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Ешкім назардан тыс қалмайды, – деді Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет.
Қазір қалада тасқын салдарынан баспанасыз қалғандарға көмек көрсетіліп жатыр. Азық-түлік, төсек-орын жабдықтары мен жеке гигиеналық заттар арнайы қабылдау пункттеріне жеткізілуде. Ал табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған Қобда, Темір, Мұғалжар аудандарында қайтадан күн күрт суып, қар түсіпті. Мұнда қауіп сейілмей тұр деген жергілікті билік жағдайдың бақылауда екенін айтты.
Аяулым Көлжігіт, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе облысынан
Оқи отырыңыз: Қарғын су: Бірнеше республикалық маңызы бар жолда шектеу қойылды