|
28.01.2020 | 13:08
15629

Жалақы дауы: Алматы облысында шыны зауыты жұмысшыларына 20 млн теңге қарыз боп қалған

Мекеме алдына жиналған 40-тан астам жұмысшы 2 айдан бері мүлдем жалақы алмаған

Жалақы дауы: Алматы облысында шыны зауыты жұмысшыларына 20 млн теңге қарыз боп қалған

Жыр болған жалақы дауы. Алматы қаласындағы тағы бір зауыт өз жұмысшыларын жалақы бермей шырылдатып қойды. Шыдамның шегіне жеткен қызметкерлер кәсіпорын алдына жиналып, наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сөздерінше, кәсіпорын оларға 20 миллион теңгеге жуық ақша қарыз көрінеді. Қаладағы шыны шығаратын зауыттың жұмысы соңғы 5 жылда берекесі кеткен. Бір тоқтап, бір іске қосылып отырған компанияның қазіргі хәлі мүшкіл. Ал басшылық тарап болса, жағдайды түсіндірмей, жауап беруден жалтарып отыр.

Алматы облысы, Іле ауданында орналасқан «Саф» зауыты - Қазақстандағы шыны өндіретін бірден-бір өндіріс орны. Бұған дейін қарқыны тоқтамаған зауыт жылына 191 млн бөтелке өндіріп келген. Нарықта 2000 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мекеме алдына жиналған 40-тан астам жұмысшы 2 айдан бері мүлде өз еңбектерінің ақысын алмаған. Оған дейін де жалақыны жарытып бермейді дейді. 1 айда 50 пайызын берсе, енді бір айда кешіктіріп әрең түсіретіндігін айтады.  

«Менің айлығым 80 мың. Мен өзім дәнекершімін. Айлық бермейді. Үнемі осылай, 10 жылдай болған шығар осылай бірде істеп, бірде істемейді», - деді бір жұмысшы.

«Әр адамның несиесі бар. Менің өзіме соңғы желтоқсан мен қаңтар айының жалақысын әлі аудармады. Компания жалақы төлей алмау себепті, біраз жұмысшыны ақысыз демалысқа мәжбүрлеп жіберіп отыр. Жалақы кешіктіру мәселесі жаңа басшы келгеннен кейін ғана туындап отыр. Көп жағдайда бұрын мұндай болмайтын», - деді оператор Михаил БУРЫКИН.

Зауыттың есігі темір қақпамен мықтап құлыпталған. Ол жерге түсірілім тобымен барған біз түгілі, жұмысшылардың өздері кіре алмай жүр. Күнде осы уақытта келіп, ғимарат ішінен біреудің шыққанын күтіп, тесіктен сығалаудан басқа амалдары қалмапты. Ал басшылық тарап болса, пікір білдіруден жалтарды. Біздің сұрақтарымызға қисынсыз жауап беріп, "қазіргі таңда ешқандай қиындық жоқ" деп сендірді.

Осы күні зауыт жұмысы тұралап қалған. Мұндай жағдай зауыт ашылғаннан бері алғаш болып отырған жоқ. 2014 жылы да кәсіпорын жұмысы ұзақ уақыт іркілістен кейін іске қосылған еді. Мұны сол кезде де бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Компания басшылығы өз жұмысшыларын қашанға дейін дәл осылай тентіретіп қоятыны белгісіз. Тіпті, басшылық жұмыстың толық тоқтайтыны немесе алдағы уақытта жүретіні туралы да жақ ашпай отырған көрінеді.  

Ұлағат Арғынұлы,  Рашид Шукуралиев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир