Елімізде уақытша тіркелген шетелдік көліктерге арнайы нөмірлер берілмек

Елімізде уақытша тіркелген шетелдік көліктерге арнайы нөмірлер берілмек
Бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінен әкелініп уақытша тіркелген көліктерге арнайы нөмірлер берілмек. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Аталған көліктерге арнайы сериясы мен түрі бар мемлекеттік нөмірлер тағайындалады. Ал техпаспортына аталған көліктің тіркеу шарттары жөніндегі белгі енгізіледі. Ішкі істер министрлігі сары фондағы нөмірдің үлгісін шығарды. Аймақтық белгісі - 18. Одан бөлек, техпаспортта 2021 жылғы 1-наурызға дейінгі дата көрсетіледі. Егер сол уақытқа дейін төлем жүргізбесе, нөмірі заңсыз деп танылады. Демек, полиция барлық шектеу шараларын жүзеге асыратын болады», - деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат ҚОЖАЕВ.  

Еске сала кетейік, 24-қаңтар күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір ай көлемінде Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінен әкелінген көліктерді уақытша тіркеу шарасын ұйымдастыруды тапсырған болатын. Бүгінде жоба әзірленіп, бүгін Марат Қожаев тіркеуге қажетті құжаттарды тізіп өтті.

«Уақытша тіркеу үшін келесідей құжаттарды ұсыну қажет: жеке куәлік, бұрынғы мемлекеттік немесе транзиттік нөмірлік белгілер, тіркеу жөніндегі куәлік, меншік құқығын дәлелдейтін құжаттар, сондай-ақ, алғашқы тіркеу жөніндегі түбіртек, мемлекеттік нөмірді әзірлеу мен техпаспортты әзірлеу жөніндегі баждар. Шарттары өте оңай. Азаматтардың автокөліктерін заңдастырып, утилизациялық алым мен кедендік баждарды бір жылға қалдырып төлеуге мүмкіндік туып отыр», - деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат ҚОЖАЕВ.

Новости партнеров