Нұр-Сұлтанда көпқабатты үйлердің бірінде кәріз суы пәтер ішін жайлап, тұрғындарды сарсаңға салуда

Almaty.tv
Almaty.tv
2016 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй әлі күнге орталық кәріз жүйесіне қосылмаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Құрғақ уәдеден шаршадық! Нұр-Сұлтан қаласының Сүткент көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде кәріз суы пәтер ішін жайлап, тұрғындарды сарсаңға салуда.  2016 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй әлі күнге орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Қыста мұз боп қатып, көктемде су боп ағатын қалдықтардың жағымсыз иісінен де шаршадық деп Almaty.tv тілшісіне мұңын шақты.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айгүл Рахымжанова бұл үйден пәтерді 2019 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша алған. Көпбалалы ана жаңа үйге қоныстанғанда ешқандай мәселе болмаған. Бірақ уақыт өте келе үйдің кем-кетігі көріне бастапты. 48 пәтерлі тұрғын үйде небәрі 3 кәріз құдығы бар. Ал, ол тез толып, сарқынды су кейде үйдің ішіне кері ағатын көрінеді.

«Осы жақында ғана кәріз құбырының суы біздің ваннаға ақты. Бұл бірінші рет емес, менде ғана емес, көршілердің де ваннасын су алды. Ал, әкімдік жыл сайын орталық кәріз құбырын істетіп береміз деп уәдесін береді де, орындамайды», – деді қала тұрғыны Айгүл Рахымжанова.

Тұрғындардың сөзінше тек коммуналдық қызмет ақысы 40 мың теңгеден асады. Тіпті, қазір кәріз құдығын тазалауға әр пәтер 2500 теңгеден төлеп отырса, енді күн сайын екі-үш мәрте тазарту үшін 3500 теңгеден жинау керек.

«2017 жылы болады, 2018-2019 жылы деді,  енді осы 2021 жылдың қазанында деп жатыр. Егер бюджет болса, ақша болса деп сүйтіп айтып жатыр», – деді қала тұрғыны Жексанбай Жамбутин.

«Көктемде мынаның бәрі белшеден су болады. Бүкіл ауылға жайылады мына су. Мына жерде адамға деген демалу мүлдем болмайды. Мына жерде біздің судың қоймасы бар. Астана су арнасы су алады. Ал, ол мекеме қайда қарайды? Неге осылар шара қолданбайды. Экология қайда?» – деді қала тұрғыны Төребек Қорабайұлы.

Мына тұрған сорғылайтын көлік әр күн сайын келіп, күніне екі рет тазалайды. Бұл тұрғындарға тиімсіз. Жағымсыз иісі тағы бар. Ал екі тұрғын үйдің адамдары болса орталық кәріз құбыры қойылғанын қалайды.

«Бұл тұрғын үйдегі мәселе бойынша жоспар жасалған. Бүгінде қанша қаражат кететіні есептеліп қойды. Бұл жобаны іске асыру үшін елорданың шетінде орналасқан үйлерге қалалық желілерді тарту керек. Жылдың соңына дейін орталық кәріз жүйесін ретке келтіреміз», – деді қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы Ерқанат Бексұлтанов.

Құрғақ уәдеге әбден тойған тұрғындар бұл жылы мәселелері шешілетініне күмәнмен қарайды. Ал, әзірге үй маңындағы көктемде еритін кәріз қалдықтарын кешіп, қолқаны қабар иісіне шыдай тұрудан басқа амалы жоқ.

Новости партнеров