Референдумға дейін:
15
күн
16
сағат
49
минут

200 миллион теңге қарыз: жұмысшылар еңбекақысын талап етуде

Нысан құрылысына жауапты өкілдердің айтуынша, бұл жұмыс қосалқы мердігер компанияның бақылауымен жүзеге асқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 120-дан аса құрылысшы жарты жылдан бері жалақысын ала алмай сандалып жүр. Жұмысшылар Қарағанды, Қызылорда, Шымкент сияқты қалалардан жиналған. Зардап шеккендердің сөзінше, жұмыс берушілердің жалпы қарызы 200 миллион теңгеден асып кеткен көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv

Артем Земляков – 10 баланың әкесі. Тұңғышының жүрегінде ақауы бар екенін білген бойда оның отасына қажетті қаражатты жинауды бастапты. Жанұясын Қарағандыда қалдырып, Алматыға келген. Жұмысшылар бірнеше нысанға су жүйесі мен кәріз құбырларын жүргізумен айналысқан. Соның ішінде Үлкен Алматы каналын күрделі жөндеуден өткізген. Артемның айтуынша, оған мердігер компанияның 4 миллион теңгедей берешегі бар

«Қазір отбасымды асырау үшін ұсақ-түйек нәпақамен күн көріп жүрмін. Ұлымның денсаулығында кінәрат барын білгеннен кейін бала-шағамды тастап, үйімнен жыраққа кеттім. Оның еміне ең кемі 2,5 миллион теңге қаражат керек. Қыркүйек айынан бері жалақымызды алмадық. Компания «айлықтарыңды береміз» деп уәде бергендіктен соңына дейін шыдап жұмыс істедік», – деді жұмысшы Артем Земляков.

  «Тек таңғы ас беріледі. Әне-міне деп әйелім аварияға түсіп, аяғынан мертігіп қалды. Операцияға апаруға бір тиын ақшамыз жоқ», – деді  жұмысшы Сәкен Жәнібеков.

Мердігер компания жұмысшыларға ғана емес, құрылысқа қажетті керек-жарақ сататын саудагерге де қарыз болып шықты. Кәсіпкердің айтуынша, алғашында барлығын сатып алып жүрген. Кейін жоба аяқталған соң, тапқан пайда есебінен  төлейтінін айтып, қарызға алған.

«Кезінде құрлыс материалдарын алған. Маған 7,5 миллион теңге қарызы бар», – деді кәсіпкер Махмұд Дәлібаев.

Нысан құрылысына жауапты өкілдердің айтуынша, бұл жұмыс қосалқы мердігер компанияның бақылауымен жүзеге асқан. Ал жетекшілік еткен бас кәсіпорын қызметкерлерге ешқандай қарызы жоғын айтты.

«Былтыр жазда осы нысандарға қосымша мердігер компаниямен келісімшарт жасадық. Оларға бөлінген қаражаттың барлығын аудардық. Бүкіл міндетімізді атқардық. Сол үйым жұмысшыларға жалақы бермей отыр. Оларға бұл мәселе жөнінде бірнеше рет хат жолдадық, бірақ ешқандай жауап болмады. Мердігер компаниямен қарашада келісімшарты бұздық», – деді  бас мердігер компанияның өкілі Сергей  Житенев.

Ашынған жұмысшылар Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментіне және құзырлы органдарға арыз жолдауға кіріспек. Одан соң мердігер компанияға тексеріс жүргізіледі.

«Егер де еңбек заңнамаларының нормалары бұзылған жағдайда, оның ішінде еңбекақыға қарыздары анықталған жағдайда біздің тарапымыздан тиісті шаралар қолданатын болады. Яғни, әкімшілік айыппұлдар салынады. Аталған еңбекақы қарыздарын төлеуге ұйғарым шығарылады», – деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің еңбек инспекторы Алмат Қалдыбаев.

Мердігер компания өкілдерімен байланысуға тырыстық, бірақ ешқандай жауап болмады. Дегенмен, екінші тарап жұмысшыларға «берешектерді осы жылдың 6 наурызына дейін қайтарамыз» деп кепілдік хат жолдаған. Бірақ құрғақ уәдеге тойып, әбден аузы күйген жұрт жауаптылардың  сөзіне күмәнмен қарайды.

Айдана Шалқар, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Алматыда АИТВ жұқтырған ер адам 13 жастағы қызға зорлық жасаған

Новости партнеров