Нан жоқ: жол азабын тартқан кәсіпкер тауарын жеткізе алмай отыр

Фото видеодан алынды
Фото видеодан алынды
Атырау іргесіндегі Талдыкөл ауылындағы кірме жолдың тас-талқаны шыққан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау іргесіндегі Талдыкөл ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері жол азабын тартып келеді. Ауылдағы кірме жолдың тас-талқаны шыққан. Ал жаңбыр жауса, жұрт резеңке етікке жармасады. Халық жолды жауып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала іргесіндегі талдыкөлдіктердің айтуынша, жаңбыр жауса, балшыққа адам түгілі, көлік батып қалады. Ауыл халқы бір-бірінің көлігін арқанмен сүйрейді. Егер ауырса, жедел-жәрдем көліге де кіре алмайды.

– Талдыкөл ауылындағы жолмен адам жүруі мүмкін емес. Ауылдың тең жартысы қалада жұмыс істейді. Жаңбыр жауып, таңнан бері шыға алмай отырмыз. Мәселені айтып шаршадық. Әкімдер жылда уәде береді, – деді Талдыкөл ауылының тұрғыны Жанболат Искаков.

– Әкім шешімін табуы керек қой. Атырауда көптеген жерді жөндеп жатыр. Қалған қалдығын әкелсе де, жағдайды жақсартуға болады. Көлікпен шыға алмай жатыр, – деді Талдыкөл ауылының тұрғыны Нұралы Сакес.

Жүнжіткен жол мұндағы кәсіпкерлердің де бизнесін тұралатқан. Сырттан азық-түлік тасымалдайтындар бірнеше рет батпаққа батып, тауар әкелмейтін болған. Сондықтан ашынған кәсіп иелері «уақытша қиыршық тасты төсеп берсін» деген талап қойды.

– Тамақ әкелетін көліктер жете алмай жатыр. Ана жақта нан таситын көлік келіп тұр. Халықта нан жоқ. «Апа, нанды сөмкеге салып, алып кетсеңізші» дейді. Ауылдағы 1500 адамның қайсына жеткіземін? Жолға қиыршық тас төсесін, – деді кәсіпкер Салтанат Қабдрахманова.

Талдыкөлдіктердің талабын тыңдаған атқамінер мәселе жуық арада шешімін табады деп сендірді. Қазір жолға жауапты бірнеше мердігер мекеме бекітіліп, келіссөз жүргізілген.

– Ауылды жолсыз қалдырмаймыз. Жолды кезек-кезек бөліп жасаймыз. Биыл жөндеу жұмыстары бітуі де, бітпеуі де мүмкін, – деді Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев.

Талдыкөл ауылында жалпы 1500 отбасы тұрады. Жүнжіткен жол жұртты әбден титықтатып біткен. Ел уәде берген атқамінерлерге үміт артып отыр.  

Жұлдыз қайратқызы, Фархат Тәжібаев,  «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Маңғыстауда 60 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеп келген

Новости партнеров