Қазақстанда құс тұмауы күннен-күнге өршіп барады. Індет жұқтырудың ең көп жағдайы Солтүстік Қазақстанда тіркелген. Облыста қырылып жатқан құстардың саны күн санап артуда. Мамандар тіпті өлекселерді жойып үлгірмей жатыр. Толығырақ өңірдегі Almaty.tv тілшісі айтып берсін.
Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауынан қырылған құстардың саны өсіп келеді. Қазіргі таңда облыстың 29 елді мекенінде карантин жарияланып отыр. Жаңа қосылған 11 елді мекен бойынша тіркелген үйлердегі барлық құстар тәркіленіп, жойылды. Вакцинациялау жұмыстары әлі де қарқынды жүріп келеді. «Бескөл» құс фабрикасында 10 күннен бері карантин. Соған байланысты фабрика өкілдерінен қандай да бір жауап ала алмадық.
«Облыс бойынша 199 мыңнан астам құстың өлімі тіркелді. Оның ішінде құс фабрика бойынша 183 мың. Жалпы облыс бойынша 260 мыңға жуық құс вакциналанды. Қазіргі таңда елді мекен ортасында су көздері бар ауылдарда құстар егіліп жатыр», – деді облыстық ветеренария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.
Бұл – хурикан 3000 инсинератор пеші. Ол биологиялық қалдықтар мен жан-жануарлардың денесін жоюға арналған. Облыста қырылған құстардың саны өршіп, мамандар өлекселерді өртеп үлгермей жатқандықтан, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Бескөл» құс фабрикасына қырылған құстарды жою үшін Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы мамандар келген. Ауру ошағынан құстар тәркіленіп, өлекселері өртеніп жатыр.
«Күніне мына осы құс фабрикасының ішінде 15-20 мың құсты жойып отырады. Соның күлі түгел тазаланады. Өздеріңіз көрдіңіздер, үстінен салынады құстар толығымен, содан кейін қақпағы жабылады. Осылай жұмыс істеп жатырмыз. 1000 градусқа дейін көтеріледі. Ең алдымен құсты мұнда салудың алдында қыздырылады. Содан кейін ғана құстарды сала бастаймыз», – деді эпизоотикалық жасақтың жетекшісі Файзолла Бегенов.
ҚР ауыл шаруашылығы министірлігінің мәліметінше, құс тұмауы Қазақстанға Ресейден ұшып келген жабайы құстардан жұққан. Індет басталғаннан бері республиканың жеті облысында 500 мыңнан артық тауық, үйрек пен қаз қырылып қалған.