Бұдан былай мүгедектерді жұмыспен қамту квотасын орындамаған компаниялар мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайды

Orel.bezformata.com
Orel.bezformata.com
Елімізде 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тұрады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ал шетелдік мамандарды тарту квотасы қысқартылады. Болашақта оған тіптен тыйым салынуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елімізде 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, қазір дәп осы жандарға арналып Әлеуметтік қызметтер порталы енгізілуде дейді. Оның көмегімен азаматтар мемлекеттік сатып алусыз оңалтудың қажетті құралдары мен қызметтерін таңдай алады. Портал арқылы биылғы шілдеден бастап жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының қызметтері мен санаторлық-курорттық емдеу қолжетімді бола түспек. Бұдан бөлек, алдағы екі жылда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға да баса назар аударылады.

«Біз мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру жөнінде кәсіптер атласын әзірлейміз. Шет елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы бастама көтерудеміз. Мәселен, кембағал жандарды жұмыспен қамту квотасын орындамайтын ірі және орта компанияларды мемлекеттік сатып алуға қатыстырмау. Бұдан бөлек, жұмыспен қамту квотасының орнына арнайы қорға өтемақы төлеуді енгізудің балама тетігін қарастырып жатырмыз. «Еңбек» бағдарламасы аясында мүгедектерге шағыннесие мен қайтарымсыз грант беру олардың бизнес бастамаларына бағытталатын болады», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.

Ал, бұдан былай Қазақстандағы шетелдіктердің жұмысқа орналасуы қиындай түспек. Себебі отандық мамандар болған жағдайда сырттан кадр тарту үшін бөлінетін квотаға тиым салынбақ. Биылдың өзінде бұл квота 40 пайызға дейін қысқартылып отыр. Министрдің айтуынша, былтыр шетелдіктерді алғызуға 25 мыңнан астам рұқсат беріліпті. Олардың дені - компания жетекшілері мен менеджерлері.    

«Шетелдіктерді жұмысқа тарту ережесінің талаптары да өзгертілмек. Бұдан былай жұмыс берушілер шет мемлекеттің маманын тартқан соң, жұмыс істеу мерзімі өткенде, отандық маманмен алмастыруы қажет болады. Сондай-ақ, еңбек заңнамасына санитарлық-базалық шарттар енгізілуде. Олар санитарлық-тұрмыстық шарттар құрып, оған сәйкесінше жауапкершілікті тағайындайды. Жыл сайын шетелдік мамандарды тартатын ірі және орташа кәсіпорындарда алдын алу бақылауы күшейтіледі», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.

Биылдан бастап Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында мәдениет және архив қызметкерлерінің, педагогтардің және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы тағы да орта есеппен 30 пайызға артпақ. Еңбек министрі еңбекақыны көтеру мониторингісі үнемі жүргізілетінін жеткізді. Мәселен, былтыр 206 мың жұмыс беруші 1,2 млн-нан астам еңбекақысы төмен қызметкердің жалақысын орта есеппен 32,7 пайызға арттыру міндетін өз мойнына алыпты.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтан

Новости партнеров