Алматы облысындағы тері зауытының жұмысы тоқтады

Almaty.tv
Almaty.tv
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ауадан алынған сынаманы сараптамаға жібереді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жұрт жағымсыз иіс шығады деп шағым айтқан Алматы облысындағы тері зауытының жұмысы тоқтады, деп хабарайды Almaty.tv тілшісі.

Еңбекші елдімекеніндегі кешегі шудан кейін тері зауытының жұмысы тоқтады. Бүгін Қарасай ауданы санитарлық бақылау басқармасының мамандары онда тексеріс жүргізуді бастады. Олар ауадағы улы газдардың көрсеткішін өлшеуге кіріскен. Халық қарсы болған өндіріс орнына бүгін тағы да бас сұқтық.

Расында, жағымсыз иісі бар тулақтарды жұмысшылар жүк көлігіне тиеп, жылдамдатып әкетіп жатыр. Ал пайдаға асады-ау дегендерін қораға тасып, әлек болды. Олардығ айтуынша, бұл – олардың тері илеудегі алғашқы тәжірибесі. Зауыт басшылығы да мұндай иіс шығады деп күтпеген көрінеді.

«Бәрін біз қыс бойы жинадық. Жаңбыр жауғанда, күн жылығанда иіс шығады. Бірақ ветеринар инспекциясы бар, олар дезинфекция жасайды. Бүкіл тері тек қойманың ішінде сақталады. Бәрін түсінемін, бізде қателік көп», – деді тері зауытының басшысы Ерзат Рақымжанов.

Ал нысанға келген Қарасай аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары алдымен зауыт маңынан алынған атмосфералық өлшемді арнайы құрылғыға салды. Кейін ауыл шетіне барып, салыстырмалы түрде тағы да тексеріс жүргізді.

«Қазіргі таңда жұмысын тоқтатқан. Пештері істеп тұрған жоқ. Сонда да жаңа мониторгинг аясында жаңағы атмосфералық ауаға өлшемдер жүргізілді. Біздің аудандық басқармадан ешқандай рұқсат берілген жоқ», – деді Қарасай ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бөлімінің басшысы Ернұр Құрабаев.

Алайда ауыл адамдары тері өңдейтін зауыттың жұмысы тоқтап, құрылғылары істемей тұрған кезде иістің болмайтынын айтады. Сондықтан улы газдың, жағымсыз иістің байқалмауы да мүмкін деген пікірде.

«Ертең тексеру нәтижесі шығады. Сол кезде нақты айта аламыз. Бұл кісілер не рұқсат алуы керек, не болмаса жабылып, басқа жерге көшірілуі тиіс», – деді Қарасай ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бөлімінің басшысы Ернұр Құрабаев.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ауадан алынған сынаманы сараптамаға жіберетінін айтты. Соның қорытындысына қарай, шара қолданылады.

Әлібек Шынтемір, Ернат Рысалдиев, «Алматы» телеарнасы

Бұған дейін Қолаңса иіс қолқаны қабады: ауыл тұрғындары тері зауытын жабуды талап еткенін еске салайық

Новости партнеров