Қазақстанда аутист балаларға арналған еуропалық үлгідегі мектеп ашылады

Қазақстанда аутизмге шалдыққан 50 мың адам болса, олардың 7 мыңы Алматыда тұрады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Білім ордасы Алматыда орналасады. Алдағы үш жыл ішінде ашылатын мектеп  мүмкіндігі шектеулі 500 балаға шақталмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Осы аралықта оның қабырғасы қаланып, ұстаздар арнайы дайындық курсынан өтеді. Бұл жоба аутистерді әлемдегі дамыған 100 елде қолданатын әдіс бойынша оқытады. Ал ТМД елдері арасында оған Қазақстан алғаш болып қол жеткізгелі отыр. Бастапқыда әр оқушыға тьютор тағайындалып, кейін ортаға сіңген соң көппен бірге сабақ өтеді. Бүгін бастаманы қолға алған қор жетекшілері алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Біз биыл меморандумға қол қойып, алдағы үш жылда мұғалімдер мен ата-аналарға арналған бағдарламасын үйретуді бастаймыз. Мұндай мектеп Қазақстанда бүгінгі таңда жоқ. Тіпті ТМД-да жоқ. Ол үлкен интернат мектебі болады. Ағылшындардан үлгі алғалы жатырмыз», - деді  «Next generation foundation» қорының директоры Арай АЛШЫНБАЕВА.

Айта кетейік, бейресми ақпарат бойынша әлемде 61 миллион адам аутизмге шалдыққан. Қазақстанда бұл дертпен күресіп жүргендер саны 50 мың болса, олардың 7 мыңы Алматыда тұрады. Дегенмен, елімізде аутисттердің тек 15 пайызы толыққанды біліммен қамтылған. Қалғандары ортадан қалып, өздерін дамыта алмай келеді. Себебі, арнайы мектептер аз және олармен жұмыс істейтін мамандар жоқтың қасы.


Новости партнеров