Жетісу облысында атағы дардай автопарк жүргізушілері бір-ақ күнде жұмыссыз қалды. Жолаушы тасымалымен басқа компания айналысатын болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күтпеген жерден жұмыстан шеттетілген жүргізушілер кешеден бері автопарк аумағында сенделіп жүр. Олар бір-ақ күнде жұмыссыз қалғанына сене алар емес. Азаматтарды 2 қыркүйекте жолаушы тасымалдап жүргенде жаңа компания полициямен қуып шыққан. Өйткені қала әкімшілігінің қоғамдық көлік қызметіне жариялаған тендерін сол мекеме ұтып алған.
– Біз соқыр емеспіз, 70 жылдан бері жұмыс істеп жатқан компанияны ысырып, автопаркі жоқ мекемені әкелді. Ақшаны бөліп алып отыр, – деді автобус жүргізушісі Нұрғиса Шегебайұлы.
Ал шенеуніктер бұл шешім қызмет сапасын арттыру үшін жасалып отыр деп ақталды. Қала әкімінің орынбасары автопарк басшылығына бірнеше рет ескерту хат жіберілгенін де айтты. Олар олқылықтарды түземегендіктен, қайта конкурс жариялап, жаңа компаниямен келісімшарт жасалған.
– Автопарк өзінің жұмысын тиянақты орындамады. Жаңа автобустар шығарылмады. Тұрғындардан шағым көп түсті, себебі қоғамдық көлік сынып қалады, – деді Текелі қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Жетібаев.
Шенеуніктер автопарк әкімшілігіне келісімшарт аяқталғанын 28 тамызда хабарлаған. Олар конкурс өткенін де тек сол күні білген.
– Бізге келісімшарт үзілгені туралы 28 тамызда сағат 16:00-де ғана ескертілді. Әкімдік қызметкерлерінен біздің тарапымыздан кеткен кемшіліктер туралы ресми хат алмадық. Жұмысымызды жақсы атқардық, 70 жылдан бері жолаушы тасымалымен айналысып келеміз. Әділетсіздік деп санаймыз, – деді автопарк менеджері Инга Байкенженова.
– Автобусты болашақта сатып алу шартымен жалға алғанбыз. Енді қалай болары белгісіз? Көлікті жекеменшігіміз ретінде өзіміз жөндеп, дөңгелегін ай сайын ауыстырып келдік, – автобус жүргізушісі Сырымбек Мұратбек.
Кәсіпорында жүргізушілермен қосқанда 25 адам жұмыс істеген. Олардың бәрі жұмыссыз қалды. Ал амалы таусылған автопарк ұжымы іске құзырлы органның араласуын сұрайды.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Сібір жарасы: Алматы облысында 4 адам ауру жұқтыруы мүмкін