|
10.06.2019 | 20:39
3262

Түркістан облысы: ешкі сүтінен – балмұздақ, алма мен өріктен – тосап

Ешкі сүтінен қазірдің өзінде 17 түрлі өнім дайындалады

Түркістан облысы: ешкі сүтінен – балмұздақ, алма мен өріктен – тосап

Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы зауыт енді ешкі сүтінен балмұздақ жасамақ. Осы мақсатта тіпті арнайы цех ашқалы жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазіргі таңда мұнда ешкі сүтінен айран, қаймақ, сүзбе, йогурт, құрт және май сынды өнімдер шығарылады. Аудандағы тағы бір кәсіпкер өрік қақтау ісін қолға алмақ. Келесі жылы көктемде оны іске асыру үшін 50 гектар жерге арнайы көшет отырғызғалы жатыр.  

Кәсіпкердің айтуынша, ешкілер Голландияден әкелінген. Былтыр шаруа қожалығы ашылған кезде олардың саны 500 бас болған. Қазір лақтарымен қосқанда, ешкілер 1200-ден асыпты.  Әдеттегі ешкілер тәулігіне 2 литр сүт берсе, үй жануарының бұл тұқымы күніне 5-6 литр өнім беруге қауқарлы. Сондықтан Жеңіс ТОҒЫЗАҚБАЕВ болашақта ашатұяқтылар санын 2 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.

«2000 бас болған кезде біздің шаруашылыққа пайда түсе бастайды.  Себебі біз  бір жылда 2000 ешкіден 4 мың лақ аламыз. Одан кейін бір күнде 8 тонна сүт өндіреміз. Біз қазір осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. Қазір нақты 388 ешкі сауылуда. Қалған ешкілер демалып жатыр, олар қыркүйек айында лақтайды. Жүйе осылай жалғаса береді», – дейді  кооператив басшысы Жеңіс ТОҒЫЗАҚБАЕВ.

Денсаулыққа пайдасы мол ешкі сүтінен мұнда тұтынушының талғамына сай 17 түрлі өнім дайындалады. Оның ішінде айран, қаймақ, сүзбе, йогурт, құрт және май бар. Ендігі кезек балмұздаққа келіп отыр. Оны дайындайтын қондырғы Италиядан арнайы әкелінбек. Ферма жаңа технологиялар негізінде жұмыс істейді. Ешкілерге жем-шөп беру, сауу және сүтті өңдеу жұмыстарын толықтай автоматты қондырғылар атқарады. Ал бақташылардың міндеті тек бақылап отыру. Ешкінің сүті дәрумендерге өте бай болғандықтан, асқазан, қаназдық, бауыр ауруларына таптырмас ем көрінеді. «Сұраныс өте жоғары», - дейді еңбегінің зейнетін көріп отырған шаруа.

«Қондырғыда өзінің сүт тартқышы, пастерлеушісі, суытқышы болады. Өзі айналып балмұздақ шығарады. Оның ағзаға пайдасы да, түсімі де өте жоғары болмақ. Бір литр сүттен 3 литр балмұздақ алуға болады дейді», – кәсіпкер.


Ал, Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Александр бағында 20 гектар алқапта 5 түрлі алма сорты өсіп тұр. Элиталы көшеттер 2016 жылы Түркиядан жеткізіліп, былтыр одан алынған 350 тонна өнім еліміздің аумағында сатылымға шығарылған. Ал биыл одан екі есе көп алма тереміз деп болжап отыр мамандар. Сондықтан өңірді түгел алмамен қамтып, тіпті эскпортқа да шығарамыз деп отыр олар.

«Тек алма көшеттерін өсіріп қана қоймай, ары қарай оны терең өңдеумен айналысу біздің жоспарымыз бар. Қазақ-түрік индустриалды аймағынан сол үшін арнайы жеміс-көкөніс қоймасын жасақтауды бастадық. Ол жерде алманы сақтай отырып, қаптап, іріктеп тікелей тұтынушыға жібереміз. Ал екінші кезеңде алынған өнімді арнайы өңдеп,  одан джем, повидло, тосап секілді өнімдер  шығару жоспарымызда бар», – деді компания дирекоры Бақтияр ТАҒАЕВ.

Қазіргі таңда шаруа қожалығында 1 гектар аумаққа сары өрік егілген. Жас көшет биыл екінші жыл өнім береді. Мамандар алдағы уақытта оның әр түбінен орта есеппен 50-60 келіден өнім аламыз деп отыр. Ал келесі жылы 50 гектар аумаққа сары өрік көшеті отырғызылмақ. Алдағы уақытта кәсіпкер кептірілген жеміс шығаруды жоспарлап қойған.

Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир