Алматыда «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» аясында 26 мың жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қалада қазірдің өзінде бағдарламаның арқасында 800-ден аса адам екі қолға бір күрек тапқан. Жалпы алдағы уақытта түрлі бағыттағы 220 жоба жүзеге асады. Басым бөлігіқұрылыс саласына қатысты. Бағдарлама жұмыссыздық деңгейін азайтуға септесе ала ма?
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасының» бірінші бағыты халыққа инфрақұрылымды және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы екі қолға бір күрек тауып беру. Мәселен, мына жөндеу жұмыстарына бас-аяғы 30 жұмысшы тартылған. Оның тең жартысы жұмыспен қамту орталығынан келген. Сонда жол да жасалып, жұмыссыздар қатары артпайды.
Есте болса, мемлекет басшысы қиын қыстау кезде халықты жұмыспен қамтудың жаңа құралы жайлы айтқан еді. Іске қосылған жоба аясында, енді жұмыссыздар ағымдағы және кешенді жөндеуге, әлеуметтік нысандардың құрылысына, абаттандыру мен жол салуға көмектеседі. Алматыда жалпы 220 жоба жүзеге асқалы тұр. Оның 70-і карантин кезінде рұқсат алып іске кіріскен. Нәтижесінде 6 мың жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамту арқылы 800-ден астам адам екі қолға бір күрек тапты.
«Жұмысқа кіргендердің басым бөлігі құрылыс саласында істейтіндер. Нақтырақ айтсақ, нарықта арматурашы, монтаждаушы, прорабтар, әктеушілерге сұраныс бар. Жұмыс тауып беру тез жүзеге асады. Бізге тендерді ұтқан мердігер ұйым ұсыныс тастап, қажетті мамандық тізімдерін жазып береді. Біз кейін сұранысқа қарай жұмыссыздар қатарындағы адамдарды іздейміз», – деді қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұржан ӘУТӘЛІП.
Берік Мұсабеков жол саласында 7 жылдан бері қызмет етеді. Бірақ соңғы 2 жылда сүйікті ісінен қол үзіп қалып, жұмыссыз қалған. Кейін уақыт жоғалтпастан жұмыспен қамту орталығына бардым дейді.
«Мен өзім жолды білетін болған соң, қолдан келетін болған соң, жолға салу жұмысына орналастым. Мамандығым – тас кесуші. Жол жиектемесін кесемін. Карантин басталар кезде бір жұмыс ұсынды. Ол енді көңілімнен шықпады, ренжімесін. Екінші жұмысты ортасына таман айтты. Көпір салу бойынша жұмыс екен. Енді ол қолдан келмейді», – деді Берік МҰСАБЕКОВ
Жалпы Алматыда «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» аясында 26 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Бағдарлама аясында, жұмыссыздар қалада 9 мектеп, 13 білім ордасына қосымша нысан, 520 орындық 3 балабақшаның құрылысына кіріседі. Одан бөлек, №7 қалалық ауруханада 64 орынды жапсарлас ғимарат салу жоспарда бар. Сондай-ақ, қаланың 8 ауданында да орташа жол жөндеу басталды.
Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы