Тараз қаласын тіршілік нәрімен қамтып отырған аумақтың өзі ауыз суға жарымай отыр. «Қызыл абад» деп аталатын шағын аудандағы 2000-ға жуық жұрт, қазған құдығынан су шықпай жыларман. Сонымен қатар, бүкіл бір аудан жарықсыз отырмыз дабыл қақты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қызыл абадтық ағайынның шыдамы шегіне жеткен күн болды. Шағын ауданның тұрғындары аймаққа жауапты атқамінерлер шағымымызды тыңдамақ түгілі, төбе көрсетпеді деп ашулы. Олардың айтуынша, қоныстанғалы ауыз судан азап шегіп келеді. Бастапқыда құдық қазып тіршілігін түзегендер кейінгі жылдары жер асты суларының тартылуына байланысты қиындыққа тап болған. Ашулы тарап, ауыз су каналынан қарыс жерде тұрған мекенге, су жүргізбейтін билікке ренжулі.
«Су арнасы тиіп тұр мына жерде. Бізден қала ішіп жатыр да, біз мына жерде сусыз отырмыз», – деді қала тұрғыны Қалдыкүл Бадыбекова.
«Су жоқ. Мынау колонкадан ішеміз. 8-9 мертден су аламыз. Ол сарқынды су. Мынау әкімдердің қолы тимей ме? Өтірік айта ма? Әлі күнге дейін халықты аузына қаратып келе жатыр», – деді қала тұрғыны Мыңжасар Зәуірбеков.
Жиылған жұрттың тағы бір мәселесі – жарықтың жоқтығы. Бүткіл шағын ауданда екі трансформатор болса, оның бірі әуежайды жарықпен қамтиды екен. Сондықтан жалғыз құрылғы 400-ден аса түтінге тоқ таратуға қауқарсыз.
«Бастапқы үйлерден, бұрыннан қалғандардан жалғап тартып тартып алып жатыр. Әркім өз қолымен жалғап жатыр. Жел тұрса бітті ғой электр сымдары тұйықталады. Сәл бірнәрсе болса күйеді. Жарықсыз қалып жатырмыз», – деді қала тұрғыны
Темірхан басқанбаев.
«Ештеңе жүргізген жоқ. 120 киловатт қана болады. Не тоңазытқышты көтермейді, не мұздатқышты көтермейді. Ештеңе көтермейді, тек қана жарықты қосасың. Не киім үтіктей алмайсың», – деді қала тұрғыны Бақыт Төлтаева.
Жарықтың жырын шешу үшін қала басшылығы күшейтілген трансформатор орнатамыз деп уәде берген екен. Бірақ одан бері 3 жылдан асыпты. Ал, әкімдік өкілдері Қызыл абад аумағы қалаға ауданнан қосылғанын айтады. Бұрынғы ауылдың мәселесі енді қолға алып жатқанын жеткізді.
«Былтрғы жалдан бастап жобалық-сметалық құжат дайындалған. Осы айдың аяғына дейін, келесі айдың басына дейін сараптама қорытындысын аламыз. Сол уақытта осы нақты екі жобаның да бағалары белгілі болады. Ұсыныс береміз. Сол ұсыныстан кейін республикалық, облыстық, қала деңгейінде бөлінетін қаражаты қарастырылады. Қалай қаражат мәселесі шешіледі, солай біз жұмысты бастаймыз», – деді қала әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев.
Қала басшылығы қаржы болса, аталған мәселелердің оп-оңай шешілетінін айтады. Сол үшін де құжат әзірлеп, қаржыға сұраныс жолдаған да екен. Бірақ тағы бір мәселе бар мұнда. Ол – Қызылабадқа дейін 7 ауыл мен 28 саяжайдың мәселесі. Сондықтан аталған аумақ тұрғындары тағы біраз күтуі мүмкін.
Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Тараздан