Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика орталығына барды

Akorda.kz
Akorda.kz
6 мың тоннадан астам азық-түлік тауарлары сақталған қойманы аралап көрді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Continental Logistics» ЖШС-ның көлік-логистика орталығына барып, 6 мың тоннадан астам азық-түлік тауарлары сақталған қойманы аралап көрді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысына елорда мен өңірлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі жайында баяндалды. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мақсатында қабылдаған шаралар туралы мәлімет берді. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қазақстан Президентіне көкөніс өнімдерін, бидай мен ұн жеткізу жайын баяндады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Елорданың қазіргі ахуалы жөнінде есеп берді. Жалпы Нұр-Сұлтан қаласының аумағында көлемі 222 мың шаршы метр болатын 7 логистикалық кешен және 37 мың тонна азық-түлік өнімдерін сақтауға арналған 7 көкөніс қоймасы бар. Мемлекет басшысы Үкіметке облыстар мен қалалардың әкімдерімен бірлесіп, азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауына жол бермеуді, алып-сату фактілерінің алдын алуды, сондай-ақ, тұрақтандыру қорын толықтыруды тапсырды.  Қазіргідей төтенше жағдай кезінде азық-түлік тауарларын тұрақты жеткізу бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге ерекше мән берілетінін айтты.

«Бұл – өте маңызды жұмыс. Басты міндет деп айтуға болады. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі. Сондықтан жақсы жұмыс істеу керек осы бағытта», – деді ҚР  президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.  

Президенттің айтуынша, Орталық Азия мемлекеттері қиын-қыстау кезеңде жәрдем сұраған жағдайда, Қазақстан аталған елдерге ынтымақтастықтың белгісі ретінде тиісті көмек көрсетуге де әзір. Қазақстан аймақтағы көшбасшы ел екенін ерекше атап өтті.

Новости партнеров