Қарағанды облысының үш тұрғыны төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тәртіп сақшыларының ескертуіне қарамастан, облыстың кейбір азаматтары карантин тәртібін бұзудан тайынбауда. Мәселен, полиция қызметкерлері Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерімен бірге қарауылдау кезінде «Соқыр» бекетін сыртынан айналып өтуге тырысқан 26 жастағы азаматты қолға түсірген. Жігіт ата-анасымен ұрысып қалып, Балқашқа жаяу жеткісі келген. Сонымен қатар, тағы бір 26 жастағы Нұр-сұлтан қаласының тұрғыны Балқаш қаласына бара жатып, өз автокөлігімен блок-бекет арқылы екі жолаушыны өткізбекші болған. Ал, 42 жастағы ер адам блок-бекеттен өтіп кетуге талпыныпты.
«ҚР Әкімшілік Құқық Бұзушылық Кодексінің 476-бабы 1-тармағы бойынша іс қозғалған. «Бұл әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің санкциясына келетін болсақ, 10 АЕК бойынша айыппұл салынады. Бұл дегеніңіз – 26 500 теңгені құрайды немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу болып табылады», – деді Қарағанды облысының ПД ресми өкілі Жанатай СЕМБЕКОВ.