Америкалықтар асырап алған Әсем Асылбекованың анасы Есік қаласында тұрып жатқаны рас па

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгін белгісіз азамат қоңырау шалып Есік қаласы 3-шағынауданда 28-үйде Саида Асылбекованың тұратынын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мен қазақпын. Тек анамның кім екенін білгім келеді. Небәрі 1 жасында шетел азаматтары асырап алған Әсем Асылбекова осылай дейді. Туған анасымен танысып, бет-жүзін бір көрсем деген арманы бар. Қолында анасының баласынан бас тартып, балалар үйіне өткізгені туралы құжаты ғана қалған екен. Жақында Әсем көпшіліктен көмек сұрап, анасын іздестіруге кіріскен. Арна тілшілері бұл жайтқа бей-жай қарамай, оның соңғы рет паналаған үйіне барып, анасының мекен-жайын анықтауға тырысты. Іздестіру жұмыстарынан қандай нәтиже бар? Тілшілер нендей ақпарат тапты? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбектің репортажын көрейік.

Әсем Асылбекова Америкада өмір сүріп жатыр. Қазіргі аты-жөні Сара Найт. Ол өзінің қазақ екенін ғана біледі екен. Кімнің қызы? Тегі қандай? Қайда туған? Осы сұрақтар қандасымызды мазалайды. Мектепте сыныптастарым осындай сауал қойғанда не деп жауап беретінімді білмей қаламын дейді. Қолында анасының баласынан бас тартқан құжаты ғана  бар. Онда тек қол хат иесінің аты мен фамилиясы жазылған.

«Анамның аты Саида Асылбекова екен. Қолхатта солай жазылған. Мен сол кісіні тауып тілдескім келеді. Басқа артық ойым жоқ. Материалдық тұрғыдан мен ештеңе қаламаймын. Тек ата-анамның кім екенін білсем болды. Қазіргі отбасымда бақыттымын. Тегімнің қайдан екенін анықтағым келеді», – деді Сара Найт (Әсем Асылбекова)

Арнамыздан Әсемнің анасын іздейтінімізді жариялап, Саида Асылбекованы танып-білетіндер редакцияға хабарласуын сұраған едік. Бүгін белгісіз азамат қоңырау шалып Есік қаласы 3-шағынауданда 28-үйде Саида Асылбекованың тұратынын айтты. Сонымен қатар, Әсем тәрбиеленген балалар үйінің мекен-жайын айтты. Түсірілім тобы дереу Алматы облысына аттанып, азамат айтқан 3-шағын ауданға жеттік. Алайда 28-үйді таппадық. Маңайдағы тұрғындар мен дүкендерден де сұрастырдық.

Нәтиже шықпаған соң Әсем Асылбекова тұрған балалар үйіне жол тарттық. Қазір ол мекеме бағытын өзгертіп жіберіпті. Мұндағы сәбилер үйі Шелек қаласына ауысқан.

Балабақша қызметкерлері жылы қабақпен қарсы алып, Әсемнің суретін көрсеткенімізде біраз ойланып тұрып қалды. Бірнеше секундтан кейін қазақ қызынының осында болғанын есіне түсіре бастады.

Гүлбану есімді азамат осы балабақшада дәрігер болып жұмыс істейді екен. Кезіндегі сәбилер үйінде де дәл сол қызметте болған. Айтуынша, Әсем секілді талай шақалақты шетелдіктер асырап алуға алып кетіпті. Нақты санды айта алмады. Бірақ көп бала шетел асып кеткенін айтады. Ал Әсемнің алты айдан бір жасқа дейінгі балалар тобында болғанын есіне түсірді. Алайда анасының кім екенін білмейді.

Әсемнің анасын іздестіруге Есік қаласының әкімдігі де кірісіп кетті. Жергілікті басқару органы Саида Асылбекова есімді азаматтың жүйеде жоқ екенін айтады. Баладан бас тарту қол хатын жазған сәтте жеке басын куәландыратын құжаты болмаған-мыс. Арна тілшілері Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы мұрағатқа сауал хат жолдаған. Оның жауабы алдағы дүйсенбі шығады.

Өмір Әнуарбек, Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров