Құны 4 млрд теңге: Таразда коттедждер қалашығы тоналып жатыр

Құны 4 млрд теңге: Таразда коттедждер қалашығы тоналып жатыр
Жарнамасы жер жарған жоба «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғызылуы тиіс болатын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таразда жаңадан салынып жатқан коттедждер қалашығы тоналып жатыр. Құны 4 млрд теңге болатын тұрғын үйлер аяғына жетпей тоқтап қалды. Жарнамасы жер жарған жоба «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғызылуы тиіс болатын. Бірақ екі жылдан бері құрылыс алаңы қараусыз қалған. Орта жолдан тоқтаған жоба жайында аймақтағы Almaty.tv тілшісі баяндайды.

Бұл – Тараздың оңтүстік-батыс бөлігінен салына бастаған элиталы үйлер. Талайды таңғалдырады деген тұрғын үйлер жобасының құрылысы қазір тоқтап тұр. Жоспар бойынша 22 гектар аумаққа тұрпы біркелкі 255 үй тұрғызылуы тиіс болған. Бірақ құрылыс орта жолдан тоқтап қалды.

«Коттеджді қалашық үш жыл болды азып, тозып жатыр. Ел пәтер таппай жүр, анау пәтеріңіз анау жерде жатыр. Тоналып жатыр, обал. Ел жер таппай жүр қаншама жер жатыр», – деді қала тұрғыны Жасұлан Әбдіхалық.

«Мемлекеттің бәленбай млрд. ақшасы осы жердегі инфраструктураға кетеді де, бұлар әшейін тұрып қалады. Есіктер болсын, люктер болсын, газ құбырлары, суды алатын құдықтардың барлығы түсіп жатыр», – деді қала тұрғыны Исламбек Дастан.

Қазір шағын қалашықтың жағдайы апатты. Жүргізілген кәріз жүйесі бүлініп, қақпақтары ұрланған. Жарық желісі жұлынып, су құбырлары қираған. Ұры-қары кей үйлердің есігін бұзып, құрылғыларын алып кетіпті. Ал, әкімдік жоба басталарда құрылысты шаршы метріне 120 мың теңгеден салу керек болған. Кейін материал құны қымбаттап, соқпайтын болып шешіпті.

«Мердігерлер 120 мың теңгеге соқпайтынын, материалдың қымбаттағанын айтып, бағаны көтеріп беру туралы бізге ұсыныс жасаған. Бұл бойынша біз былтыр құрылыс жұмыстары комитетіне хат жазғанбыз. «Осындай-осындай мына бізге 160 мыңнан етіп бекітіп беріңіздер. Сол жағдайда мердігерлер салатын болады» деп.  Бүгінгі таңға бұл мәселе шешілген жоқ», – деді қала әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев.  

Құрылыс басталған 2 жылдан аса уақыт ішінде коттедждердің тек 20-сы ғана салынған. Қала билігі аты шулы болған жоба жалғаспайды деп отыр. Тек тағы 600 млн теңге бөлініп 26 үй салмақ. Сомен аяқталады. Ал, қалған жерлерді кезекте тұрған тұрғындарға таратып бермек.

Мерей Бает, «Алматы» телеарнасы, Тараздан


Новости партнеров