Енді ол жерде кез келген жойғыш, бомбалаушы әскери-көлік авиациясы сынды ұшу аппараттары, сонымен қатар Boeing, Airbus сияқты ауыр салмақты тікұшақтар қонып, ұшатын болады. Әуеайлақ пайдалануға берілген күннен бастап, яғни жарты ғасыр ішінде жаңғыртылмаған. Бұл мұндағы курсанттар мен әскери қызметшілерге қиындықтар тудырып келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әуе қорғаныс күштері әскери институтының курсанты Дәулет Рахымберді «Балқаш» әскери әуеайлағында теория жүзінде алған білімін тәжірибемен толықтыруда. Мұндағы айлақтың жолы кеңейтіліп, тақтайдай тегіс болғаны біліктілікті еш кедергісіз шыңдауға мүмкіндік береді дейді ол.
«Осыған дейін EL-39 ұшағымен Жетіген әуеайлағында ұшқан болатынбыз. Оның алдында Ақтөбе қаласында ұшқанбыз. Қазіргі таңда 70 сағаттай ұшу сағатым бар. Осы жылға алға қойылған 30 сағат. Сол 30 сағатты «Балқаш» әуе айлағында ұшуды жоспарлап отырмын», - деді курсант Дәулет РАХЫМБЕРДІ.
Жүргізілген жұмыстың сапасын алғаш болып ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өзі тексерді. Ол арнайы әскери ұшақпен келді.
Курсанттармен кездескен министр, енді мамандардың авиациялық техниканы сапалы меңгеріп, ұшу шеберлігін едәуір арттыруға жағдай жасалғанын айтты. Әуеайлағын жөндеуден өткізу үшін қазынадан 10 млрд.-тан астам қаржы бөлінген. Құрылыс 2 жылдай уақытқа созылыпты.
«Әуе қорғаныс күштеріне кез келген уақытта елдің әуе шептерін қорғауға дайын және қабілетті болу туралы жауынгерлік міндет жүктелген. Даярлықтың негізгі факторларының бірі әскери қызметшілердің қазіргі заманғы жауынгерлік авиациялық техниканы сапалы игеру және ұшу шеберлігін арттыру бойынша қызметі болып табылады», - деді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ.
Бұл авиациялық орталық 2007 жылдан бері курсанттар даярлап келеді. Жыл сайын мұнда 30-ға дейін болашақ ұшқыштар келіп, тәлімдемеден өтеді.
«ЭЛ-39 ұшағымен ұшпас бұрын курсанттар ЗЛИН, TL-2000, 3000 секілді жеңіл ұшақтарда ұшу дайындығынан өтеді. Содан кейін барып бізге келеді. Алдымен нұсқаушымен бірге алғашқы тәлімдемесінен өтеді. Белгілі ұшу уақытынын өткеннен кейін командир курсант дайын болғанда ұшақты өзі жалғыз басқаруына рұқсат береді», - дейді 53898 әскери бөлімшесінің әуе эскадрильясының командирі Самат МҰҚАЕВ.
Аэродромда курстанттарды міне, осындай ЭЛ-39 ұшағымен даярлайды. Яғни оқу-жаттығу барысында қолданылады. Бұл ұшақ ауа райының кез келген жағдайына және күндіз де, түнде де ұшуға қолайлы. Сондай-ақ бомба, ракета секілді қаруларды қолдануға болады.
Қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша, болашақта мұнда азаматтық әуе кемелері де ұшып-қонуы бек мүмкін. Қазір әуе компанияларымен келіссіөздер жүргізіліп жатыр. Бұл қалада туризмді дамытуға да септігін тигізетіні сөзсіз.
Асылбек Тойбек «Алматы» телеарнасы