Алматы бойынша дезинфекциялау жұмыстарының төртінші кезеңі аяқталып келеді. Күн сайын техника саны көбейіп, залалсыздандыру жұмыстарымен айналысатын мамандардың саны артып жатыр. Бұл туралы баспасөз өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған брифингте қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы Ержан Сейтенов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның сөзінше қала халқының қауіпсіздігіне баса мән беріліп, тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар мен шағымдар кез келген уақытта қаралады. Төтенше жағдай жарияланғалы бері қанша арнайы техника жұмыс істеп, қанша дезинфекциялық ертінді жұмсалды?
Қала бойынша дезинфекция жұмыстарымен үш топ айналысып жатыр. Олар әскери гарнизон, «Алматы тазалықпен» аудан әкімдіктері және тұрғын үй саясаты басқармасының мердігерлік ұйымдары күндіз-түні жұмыс істеуде.
«Алматы әскери гарнизоны екі аудан бойынша күн сайын бекітілген кестеге сәйкес жұмыс жасап жатыр. Сейсенбі және сенбі күндері ауру ошақтары, ауруханалар, емханалар, санаторилер, азық-түлік базарлары дезинфекцияланады. Бүгінгі күні 635 адам, 48 бүріккіш, 14 бірлік техника жұмылдырылды. Карантин басталғалы әскери гарнизон тарапынан 3 миллион 128 мың литр дезинфекциялық ерітінді пайдаланылды», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Ержан СЕЙТЕНОВ.
Бүгінгі күні жолдарды, жаяу жүргіншілер аймағын, көпшілік пайдаланатын ортақ орындарды жуу және залалсыздандыру үшін жұмыстар жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Ол үшін 102 суару-жуу техникалары, 48 жаяу жүргіншілер жолын жинайтын машиналар, 734 жол жұмысшылары мен 156 дезинфекциялаушы мамандар тартылған.
ГРАФИКА:
- 102 суару-жуу техникалары;
- 48 жаяу жүргіншілер жолын жинайтын машиналар;
- 734 жол жұмысшылары;
- 156 дезинфекциялаушы мамандар.
«Төтенше жағдай басталғаннан бастап 1 млн 700 мың литр дезинфекциялық ерітінді пайдаландық. Бұдан бөлек күнделікті тазалау жұмысын жүргізу үшін қосымша 85 адам жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдай енгізілгеннен бастап 71 мың литр дезинфекциялық ерітінді жұмсалды. Тәулігіне шығарылатын қоқыстың орташа көлемі 1200-1500 тоннаны құрап отыр», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Ержан СЕЙТЕНОВ.
Алматыда 8 мың 500 тұрғын үй, 23 мың кіреберіс пен 4 мыңнан астам аула бар. Бұл орындарды залалсыздандырумен қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы айналысады. Басқарма басшысының сөзінше ертең дезинфекциялық жұмыстардың төртінші кезеңі аяқталады.
«Күн сайын көппәтерлі тұрғын үйлерді өңдеуге 70 бригада жұмыс істеуде. Олардың құрамында 525 жуық дезинфекциялаушы бар. Күн сайын 60 мың литр дайын ерітінді пайдаланылады, ал жалпы алғанда 600 мың литрдан астам дайын ерітінді қолданылды», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Ержан СЕЙТЕНОВ.
Егер сіз сапасыз өңдеуді немесе мүлдем залалсыздандыру жұмысы болмағанына куә болсаңыз, бейне және фото материалдарын жібере аласыз. Ол үшін экранда көрсетілген нөмір бойынша WhatsApp желісі жұмыс істеп тұр.
Қуан Нұрақын, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы