Жұмыла көтерген жүк жеңіл! Кәсіпкерлер мақалдың мағынасын төтенше жағдай кезінде толық түсінгенін айтады. Бүгін автокөлік сатумен айналысатын компаниялардың бірі Алматыдағы жедел жұмыс істейтін штабқа 10 темір тұлпар табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олар көлікпен қоса, қарамағында істейтін жүргізушілерді де қайырымды іске тартқан.
Автокөлік сататын салонда жұмыс істейтін Мұхит Қуандық бір-ақ күнде ерікті атанды. Ол компания басшылығы ел басына күн туған сәтте қайырымды іс жасап жатқанын естігенде шын қуанған. Ол да қолынан келсе, көмегін аямауға бекініпті. Енді ертеңнен бастап Мұхит өзі жұмыс істейтін компания табыстап жатқан мына көліктердің бірін тақымдайды. Сөйтіп, карантин аяқталғанға дейін тәулік бойы штабқа көмектесуді көздеп отыр.
«Мен өзім келістім, өзім шықтым. Осындай қиын уақытта көмектесуге келістім. Енді сақтанып жүреміз. Ең бастысы осы бетперде, қолғаппен жүріп, антисептикпен бәрін қамтамасыз етті. Қорықпаймыз енді», – деді ерікті Мұхит ҚУАНДЫҚ.
Мұхит секілді 30-дан аса көлік жүргізушісі ертеңнен бастап қауырт қызметке кіріседі. Олар қалада қарттарға тауар жеткізу, мамандарды қажетті жерге тасу секілді жұмыстармен айналысады. Көлік сататын компания осыған дейін де қалалық штабқа 10 машина берген. Бүгін екінші лекте тағы 10 темір тұлпарды дайындап отыр. Көлік сатумен айналысатын компания көлікпен қоса, жүргізушілерді де бірге береді. Сондай-ақ, темір тұлпардың бүкіл шығынын өздері көтеріп алмақ.
«Бұл біздің азаматтық борышымыз деп білеміз. Біз қауіпті індетпен күресіп жүрген жандарға көмектескіміз келді. Жалпы біздің компания Қазақстан бойынша штабтарға 80-нен аса көлік және 200-ден аса қарамағымыздағы қызметкерді жүргізуші етіп жібердік. Олар өздері көмек көрсетуге ниет білдіргендер. Бізде әр көлікке ауысыммен жұмыс істеу үшін 3 адамнан жұмылдырылды», – деді «БИПЭК АВТО» АҚ коронавируспен күрес штабтарына көмек көрсететін жоба жетекшісі Гайрат ЖАЛАЛОВ.
Осыған дейін берілген көліктердің игілігін қалалық штаб көріп жатыр. Олар темір тұлпарды маңыздылығына дейін эпидемиолог, дәрігерлер мен еріктілерге берген. Енді жаңадан алған көліктерді де қажеттілікке қарай қарай үлестіруді көздеп отыр.
«Көліктерді бөлдік. Ең басында жаңағы қажетті мекемелер – Денсаулық сақтау басқармасы, СЭС-ке бөлінді. Өйткені, олардың жұмысы өте көп. Өте ауыр. Олар күндіз-түні ұйықтамай жұмыс істеп жатыр. Сол үшін оларға өте қажет», – деді қалалық Жедел штабтың өкілі Олжас ЖАНЫСБАЕВ.
«Алғашқы табыстау рәсімінен бізге волонтерлерге, Jas otan жастар қанатына, Нұр Отан партиясының қалалық филиалына арнайы 2 машина бөлген болатын. Бұл волонтерлерді жұмыстан кейін үйіне тасу, сонымен қатар, қала ішінде әлеуметтік көмекті шұғыл жеткізу үшін біздің жұмысымызды жеделдету үшін берілген көмек», – деді қалалық «Jas otan» жастар қанатының төрағасы Мәди АХМЕТОВ
Айта кетейік, компания көліктерін карантин аяқталғанға дейін ғана беріп отыр. Дегенмен, темір тұлпарларды қалалық әкімдікте қалдыру ойда барын айтады. Әзірге нақты шешім шығарылмапты.
Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы