|
07.05.2021 | 22:12
995

Полиция майоры Бақытжан Бәкіровтің ерлігі – ел есінде

Осыдан 1 жыл бұрын қылмыскерді ұстау үшін 13 қабаттан секірген полицейдің қызметіне деген адалдығы-патриотизмнің айқын көрінісі

Полиция майоры Бақытжан Бәкіровтің ерлігі – ел есінде

Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар. Ел үмітін ақтаған, әлемдік басылымдарда мақталған полиция майоры Бақытжан Бәкіровтің ерлігі  ел есінде. Осыдан 1 жыл бұрын қылмыскерді ұстау үшін 13 қабаттан секірген полицейдің қызметіне деген адалдығы-патриотизмнің айқын көрінісі. Бейбіт заман батырының бір күнімен танысып қайтқан Almaty.tv тілшісі Қайрат Советбекұлының материалында.

2020 жылы 11 шілдеде Алматы қаласында жеке үйлердің біріне ұры түседі. Қылмыскер 17 мың долларды қолды қылғанымен қоймай, кәмелетке толмаған баланы пышақпен қорқытып, зорлаған. Көп ұзамай жедел-іздестіру барысында қаскөйдің қайда жасырынғаны анықталып, арнайы операция ұйымдастырылады. Сол сәтте 13 қабаттан секірген қылмыскердің артынан еш ойланбастан құлдилаған майор аяғын сындырып, жарақат алса да, қарақшыны қуып жетіп, ұстап үлгереді.

«Жасалған ерлігім деп санамаймын. Өйткені бұл әр полицей қызметкерінің борышы. Бұл жеткен жетістіктерімізге өзімнің әріптестеріме көп рақмет. Бірге ат салысып жұмыс істедік. Бірліктің арқасында осындай дәрежеге жетіп отырмыз»,– деді Түрксіб аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімі басшысының орынбасары Бақытжан Бәкіров.

Көптеген шетелдік басылымдар Бақытжанның әрекетін батырлыққа балап, жарыса жазды. Испания, Ресей, Австралия, Великобритания, Қырғызстан тағы да көптеген елдерде жарияланған мақалалардың астында оқырмандар «нағыз батыр», «супер коп», «нағыз полицей» сынды пікірлер қалдырған. Алты бала тәрбиелеп отырған кейіпкеріміздің ұлдары да әкелеріне қарап бой түзейтіндерін, олар үшін ол нағыз қаһарман екендігін айтады. Ал, отанасы күн сайын жары жұмысқа кеткенде Алладан амандығын тілеп отырамыз дейді.

«Жолдасымның жұмысы өте ауыр. Азанда ерте кетіп, түнде кеш келеді. Біз әрқашан Алладан оның тілеуін, саулығын тілеп отырамыз. Еліне қызмет еткеннен кейін, түсінеміз, жұмысының өте ауыр екенін. Бала-шағаның тәрбиесімен өзім айналысып, әкеміздің жұмыстан аман-есен оралуын тілеп отырамыз»,– деді Б.Бәкіровтің жұбайы Мақпал Нәсіпова.

Жыл полицейі, Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін орденінің және 2 дәрежелі Айбын орденінің иегерін әріптестері үлгі тұтады. Оның кез-келген сәтте қол ұшын беруге даяр қызметкер екенін әріптестері тілге тиек етті.

«Ол кісінің істеген іс-әрекеті бізге, жас қызметкерлерге үлгі, өнеге. Осындай жұмыс жасап жатырмыз халық үшін қызмет етіп. Өзі жұмысына өте талапты»,– деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі Асылхан Дәулетов.

Тәртіп сақшысы, полиция қызметкері болғанымен, ең алдымен бала тәрбиелеп отырған әкемін,  балаларымның қылмысқа толы қоғамда тұрғанын қаламаймын, сол себепті кез-келген заңбұзушылықа қарсы  төтеп беруге дайынмын, дейді, бүгінгі күннің батыры.

Қайрат Советбекұлы, Ришат Шүкіралиев «Алматы» телеарнасы.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир