Алматы облысында полицейлер із-түзсіз жоғалып кеткен екі ұл баланы іздеп тапты, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
9 маусымда Текелі қаласының тұрғыны полицияға шағым түсірген. Ол тәртіп сақшыларына 2007 және 2011 жылына туған екі ұлының 8 маусым күні жоғалып кеткенін айтыпты. Балалар ата-анасы үйде болмағанда қашып кеткен.
Құқық қорғау органдары балаларды іздеуге кірісіпті. Тіпті ауқымды іздеу шарасы ұйымдастырылып, оған еріктілер, жергілікті байкерлер клубы мен қала тұрғындары атсалысты.
Іздеу тобы Текелі қаласының барлық жерін аралаған. Олар жертөлелерді, үйлердің төбесін, иесіз қалған ғимараттарды тексерген. Бірақ балалар облыс орталығы – Талдықорған қаласынан табылыпты. Текелі мен Талдықорғанның арасы - 30 шақырым.
Әлеуметтік желіде жоғалған балалардың фотосы жарияланған болатын. Талдықорғандағы сол суреттер арқылы балалар танып, іздеу тобына хабар берген.
«Оқиға орнына келген полицейлер балаларды бірден Текеліге жеткізіп, ата-анасына тапсырды», - делінген облыстық полиция департаменті таратқан хабарламада.
Тәртіп сақшылары балалармен сөйлесіп, мұндай әрекетке бармау қажеттігін түсіндірген. Олардың ата-анасы іздеу тобы мен көмектескен адамдарға алғысын білдірді.
Қазір екі ұлдың да жағдайы жақсы. Олар ата-анасының үйлеріне келді.