|
12.03.2020 | 22:22
4336

Алматыда академик Кеңес Нұрпейістің құрметіне кабинет ашылды

Ғалым Алаш қозғалысы жөнінде 20-дан астам монография мен 500-ге жуық ғылыми-зерттеу мақалаларын жариялаған

Алматыда академик Кеңес Нұрпейістің құрметіне кабинет ашылды Аlmaty.tv

Алматыда көрнекті тарих ғалымы, алаштанушы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Кеңес Нұрпейістің құрметіне арналып кабинет ашылды. Кабинет Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында орналасқан. Ғалым ғұмырының соңына дейін сол бөлмеде талай тың еңбектер жазып қалдырған. Сондай-ақ академиктің туғанына 85 жыл толуына орай «Нұрпейіс оқулары» аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

«Азаматтық болмысы, бітімі, ұстанымы ерекше болатын. Ештеңеден жасқану, біреуге ұнайын, біреуге ұнамайын деген уайымы болмайды бұл кісінің. Айтатынын айтып, өзінің бағасын беріп, ақырын барып өзінің орнына жайғасып отыра беретін», - деді ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Нұрлан ОРАЗАЛИН.

«Өте қарапайым болатын. Мысалы ол кісінің алдына келген кезде «ал, батыр, жоғары шық!» деп өзінен жоғары орын ұсынатын. Сондай ерекше қасиетін атап өткім келеді. Сондай қарапайымдылық әрбір қазақ баласында болса, әрбір қазақ қайраткерінде болса ол үлкен өнегелі іс деп есептеймін», - деді Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі Сәбит ШІЛДЕБАЙ.

Кеңес Нұрпейістің ХХ ғасырдағы қазақ тарихын жасауға қосқан үлесі ұшан-теңіз дейді ұйымдастырушылар. Ғалым халықтың тарихи санасын қалыптастыру, Алаш қозғалысы жөнінде 20-дан астам монография мен 500-ге жуық ғылыми-зерттеу мақалаларын жариялаған. Әкесі Нұрпейіс репрессияға ұшырап, жеті жасында жетім қалады. «Халық жауының ұрпағы» саналған ғалым тарихтағы талай «ақтаңдақтарды» ашуға еңбек сіңірген.  

«Тек қана Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мүмкіндік болып, әкесінің ақталғаны туралы мәселені зерттеймін деп жүріп, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің бүкіл қайраткерлерін бүкіл елдің алдында, халықаралық жағдайда ақтап шықты», - деді к. Нұрпейістің немере інісі Талдыбек НҰРПЕЙІСОВ.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир