Кесел кесірінен қазақ елі тағы да бірнеше асыл азаматынан айрылды. Академик әрі қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев пен Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров өмірден озды. Қауіпті індет білікті дәрігер Иван Лиді де арамыздан алып кетті. Бірі ұзақ жылдар бойы ұстаздық етсе, енді бірі ұлт саулығы үшін алдыңғы шепте жүрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кенжеғали Сағадиев – Қазақстан Республикасына ғылым мен техника саласында еңбек сіңірген қайраткер. 445-тен аса ғылыми жұмыстың, оның ішінде 20 монография мен оқулықтың авторы. Әр уақытта ол Қазақстанның 5 ірі жоғары оқу орнын басқарған. Қазақстандық экономист әрі қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев 82 жасына қараған шағында қауіпті кеселден қайтыс болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасы мен туыстарына көңіл айтты.
«Парламент Мәжілісінің ІІІ және IV шақырылымдарының депутаты болып, отандық заңнаманы жетілдіруге атсалысты, ұзақ жылдар бойы ұстаз ретінде шәкірттер тәрбиеледі. Артында өшпес із, ұлағатты ұрпақ, ғылыми мұра қалдырды. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын», – делінген жеделхатта.
Мемлекет қайраткерінің туыстары, пандемияға байланысты жерлеу рәсіміне тек отбасы мүшелері қатысатынын айтты. Оны еске алуға арналған басқа іс-шаралар келесі жылы, яғни 2021 жылдың 25 шілдесінде өтеді. Бұл оның өсиеті екен.
«Өкінішке қарай, біздің ел өзінің көптеген асыл азаматтарынан айрылды. Біршама отбасы қара жамылды. Бұл орны толмас үлкен қаза. Біз өз заманымыздан осындай үлкен сынақты өткізіп жатырмыз. Сол себепті, басымызға түскен бұл сынақты, осы ауыртпалықты, биік рухпен, болашаққа деген үлкен сеніммен қарсы алуымыз керек және батыл тойтарыс беруіміз керек», – деді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек.
Алматы облысы Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров та пневмониядан көз жұмды. 1979 жылы туған ол еңбек жолын жеке меншік компанияда директор қызметінен бастайды. Кейіннен Алматы облыстық жер қатынастары басқармасының бас маманы, облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы қызметтерін атқарған. 41 жасында көз жұмған Жолан Омаровтың артында жары мен 4 баласы қалды.
«Бауыржан атамыз «тәртіпке бағынған құл болмайды»,-дейді. Сол себепті, осындай тәжалдың алдында тәрітпке бағынуға шақырамын. Бүкіл мемлекеттің байлығы дүние емес, ақша емес, адам. Сондықтан әр адам өз-өзін күтсе, біз еліміздің байлығымыз деп сезіне алса, соның өзі үлкен үлес», – деді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан.
Отандық денсаулық сақтау саласы да білікті маманынан айрылды. Иван Ли қауіпті індеттің ілмегіне ілініп, кесел кесірінен бақилық болды. 1960 жылы 26 ақпанда Қарағандыда дүниеге келген ол жоғары білікті уролог-дәрігер. Әр жылдары ауруханаларда бас дәрігердің орынбасары, штаттан тыс бас уролог сынды басшылық қызметтер атқарады. Бүгінге дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 аурухананың бас дәрігері болып, еңбек етті.