Жәрмеңке өнімдерінің құны базар бағасынан төмен

arnapress.kz
arnapress.kz
Алматы қаласы бойынша сенбі, жексенбі күндері осындай жәрмеңкенің 10-ы тұрақты түрде жұмыс істеп тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұл жәрмеңкенің басты ерекшелігі - барлық тауарлар күні кеше ғана жиналып, табиғи, экологиялық таза күйінде сатылуында. Кәсіпкер Қарлығаш Нұрманова қымыз, шұбат, құрт, майдан бастап сүт өнімдерінің бірнеше түрін әкелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Өндірістерімізді өте жақсы қабылдап жатыр. Бізге де, халыққа да жақсы болып жатыр. Бағамызға да риза. Қазір таза өнімді қабылдап жатыр ғой халық. Мына біздің әкелген өнімдерімізді шын жүректен сондай ризашылықпен қабылдап жатыр» - деді кәсіпкер Қарлығаш НҰРМАНОВА.

Осы жәрмеңкеде қала тұрғындары көкөніс, жеміс-жидектерді, сүт және ет өнімдерін делдалсыз тікелей өндірушілердің бағасымен сатып алуына мүмкіндік алды. Тұтынушылардың айтуынша, базарлардағы құнмен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

БЛИЦ:

- Уақытысы өтпеген, тұрып қалмаған азық-түлік алуға мұмкіндік болады. Әсіресе, көкөніс, жеміс-жидек алуға мүмкіндік болады. Сосын ет бағасы да шамалы арзандау. Көрдім, салыстырдым. Дүкендерде, супермаркеттерде ет бағасы өте қымбат.

- Жақсы болып қалды. Бір ай болды. Базарға баруға баламен уақыт жоқ. Осындай  жәрмеңке тиімді бізге. Өзіміз әрдайым сенбі, жексенбі күндері алып тұрамыз.

Жәрмеңкеге «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы сауда орындарын жеңілдікпен жалға беріп, ауылшаруашылық өнімдерін жеткізушілермен тікелей жұмыс жасап отыр. Жалға берудің бағасы бір орынға - 16 700 теңге. Ал, қалалық әкімдік мамандары да жәрмеңкелерді тұрақты аралап, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы өспеуін қадағалауда.  

«Бұл жәрмеңкедегі өнімдердің бағасын анықтау үшін  базарлар, дүкендерге мониторинг жүргіземіз. Мониторингтен шыққан бағадан 15-20 пайыз төмен қойып сатқызамыз. Жәрмеңкеге келген тауар өндірушілер өздерінің өнімдерін сататын болғандықтан, сондай бағаны  көрсетеді» - деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы Қанат КӘКЕН.

Қазір Алматы қаласы бойынша сенбі, жексенбі күндері осындай жәрмеңкенің 10-ы тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша келер айдың соңына дейін тиімді бағамен тағы да бірнешеуі ашылмақ.


Қуан Нұрақын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров