Жамбылда мекеме басшылары даңғарадай демалыс бөлмелерінен бас тартып жатыр

Жамбылда мекеме басшылары даңғарадай демалыс бөлмелерінен бас тартып жатыр
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері тексеру жүргізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында мекеме басшылары даңғарадай демалыс бөлмелерінен бас тартып жатыр. Жұмыс орнындағы жайлы жайды жаппай қажетсінбей жатуының себебі неде? Аймақтағы Almaty.tv тілшісі Мерей Бает байыппен баяндап берсін.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің нысанына атқамінерлердің даңғарадай демалыс бөлмелері ілінді. Жылы орынға жайғасқан жағалылардың жұмыс орнына барып, «артық алаңдарын» қалай пайдаланып жатқанына тексеру жүргізді. Ал, мемқызметкерлер демалысқа арналған бөлмелерін пайдаланбайтынын айтып ағынан жарылды. Тіпті, алдағы уақытта оларды басқа мақсатта қолдануға ниетті екендіктерін жеткізді.

«Бізге қайдан демалыс? Біз азаннан-кешке дейін сыртта жүреміз. Жиналыстарда, іс-сапарларда боламыз. Бұл бөлмені архивке жоспарлап жүргенбіз. Бізге архив қажет. Бас тартуға дайынбыз», – деді Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев. 

«Бізде мұрағатқа бөлінген кабинет жоқ. Астадан қаншама қағаз жіберген. Сол себепті біз бұл бөлмені қойма ретінде пайдаланып отырмыз», – деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Салтанат Мағзұмбекова.

Атқамінерлердің мереке қарсаңында да өзге күндері де сыйлық алуына болмайтынын ескерткен Антикор өкілдері «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол бермеулерін қатаң талап етті. Ал, тосыннан келген сыйлықтарды бір апта ішінде арнаулы мемлекеттiк қорға өтемақысыз тапсыруға міндетті екендерін жеткізді. Осы ретте облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің өкілдері облыста бір жылда тек екі мемқызметкердің сыйлық алу фактісі тіркелгенін алға тартты.

«Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Найманова Үміткен Оспанқызына берілген сыйақы облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне 11 наурызда  өткізілген болатын. Ол заң талабына сай, сауда-саттыққа 800 теңгеге қойылған болатын... сауда-саттыққа шығару үшін бағалау компанияларына жіберілді. Бағасы шыққан кейін, сауда-саттыққа шығарылатын болады», – деді Жамбыл облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы Алтай Жігітеков.

Айта кетейік, тексеріс жұмыстары барысында агенттік өкілдері тарапынан онға жуық басқарма зерделенді. Ең қызығы, біз барған барлық басқарма басшыларының ешқайсысына демалыс бөлмелерінің қажеті жоқ болып шықты. Бұл өз пікірі ме, әлде өзгенің пікірі ме, әйтеуір, олар тынығу орындарын алдағы уақытта мұрағат бөлмесіне айналдырмақ. Кейбірі тіпті мұндай бөлмелерді қол астындағы қызметкерлеріне беруге дайын. Тек  демалыс бөлмесін жұмыс бөлмесіне қайта жабдықтау үшін қаражат керек. Ал, қазынадан қаражаттың қашан бөлінетіні белгісіз. Сондықтан әзірге ол бөлмелер атқамінерлердің өздерінде қала бермек.

Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Тараздан

Новости партнеров