500 тонна табиғи өнім: Түркістандық диқандар алматылықтарға мол азық-түлік ұсынды
Түркістан облысының 16 ауданынан шаруалар мен өндірушілер түрлі тауар әкелді
Алматыда өткен демалыс күндері дәстүрлі ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы қала тұрғындарына түркістандық шаруалардың 500 тоннадан астам өнімі ұсынылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысының 16 ауданынан шаруалар мен өндірушілер түрлі тауар әкелді. Сөреге 100 тоннаға жуық ет, 170 тонна көкөніс, 67 тоннаға тарта тонна сүт өнімдері, 30 тонна жеміс-жидек, сонымен қатар, 70 тонна жидек пен бақша дақылдары қойылды.
«Көкөністерді ең төменгі бағада алып келдік. Шын айтқанда, 7 тонна зат әкелгенбіз, таусылды. Ештеңе қалмады. Алматының тұрғындары керемет, қарапайым жандар. Қияр, қызанақты өзіміз өқсіреміз», – деді кәсіпкер Айнұр Мұртазаева.
Айта кетейік, жәрмеңкедегі өнімдер нарық бағасынан орта есеппен 20% дейін төмен сатылды. Жәрмеңке Алматының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бағытында ұйымдастырылды. Сондай-ақ отандық шаруаларды қолдауға және тұрғындардың балғын өнімдерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
«Оңтүстік Қазақстанның балын ұсынамыз. Қазір Тянь-Шаньның асқақ тауларында жиналған балымызды салып жатырмын. Бұл өңірде бал арасына нәр беретін шалфей, тасшөп, құлқайыр, шайқурай, долана сияқты шипалы өсімдіктер мол өседі. Сондықтан бұл бал иммунитетті нығайтуға пайдалы, ең сапалы бал түрлерінің бірі саналады». – деді омарташы Андрей Пономаренко.
Оқи отырыңыз: Сыр өңірінде су үнемдеудің инновациялық технологиясы қолданыла бастады