Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Алматы облысына арнайы барып, Жамбыл ауданындағы мәдени нысандарды аралады
Биыл қазақ киносының көрнекті режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Абдулла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл. Осыған орай Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Алматы облысына арнайы барып, Жамбыл ауданындағы мәдени нысандарды аралады. Ол Сүйінбай Аронұлы атындағы әдеби-мемориалдық музейде зиялы қауым өкілдерімен, жастармен кездесіп, режиссер мұрасын кеңінен насихаттаудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Президент кеңесшісі Алматы облысындағы сапарын қазақ поэзиясының алыбы Сүйінбай Аронұлының кесенесіне барып, рухына Құран бағыштаудан бастады. Кейін ақынның әдеби-мемориалдық музейін көріп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Онда Абдулла Қарсақбаевқа арналған көрмені тамашалап, тарихи жәдігерлермен танысты. Ақ жағалы өңірдегі тарихи мәдени нысандардың дамуын оң бағалады. Мұның барлығы жастар үшін құнды мұра екенін атап өтті.
«Бұл - Қарсақбаевтың ғана туған жері емес, бұл - Жамбылдың, Сүйінбайдың, ұлы тұлғаларымыздың кіндік қаны тамған жер. Тіпті мәңгілік мекені деуге болады. Сондықтан да баршаңызды Қарсақбаевтың туған ауылында көргеніме қуаныштымын. Біз тұлғаларымызды еске ала берсек, олардың елге сіңірген еңбегін, ұлттық руханиятқа қосқан үлесін үнемі айтып жүрсек, шын мәнісінде болашаққа сеніммен нық қадам жасаймыз», – деді ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев.
Мұнан соң, кеңесші аудандағы жастармен кездесу өткізді. Басқосуда ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи тұлғалардың мұрасын насихаттау және жастардың қоғамдағы рөлі сөз болды.
«Кездесу өте керемет өтуде. Жамбыл ауданының жастары жиналып ағаларымыздан тәрбие алып, Абдолла Қарсақбаев атамыздың біз білмейтін қырларын айтып жатыр. Соның бәрін үйреніп, санамызға құйып жатырмыз», – деді белсенді Досым Қондыбаев.
Айта кетейік, биыл қазақ балалар киносының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Абдулла Қарсақбаевтың туғанына – 100 жыл. Мерейтой аясындағы тағылымды іс-шаралар ұлт руханиятын ұлықтап, тарихи тұлғалардың мұрасын кейінгі буынға насихаттауға бағытталған. Ал Сүйінбай мен Қарсақбаевтай тұлғаларды түлеткен Жамбыл ауданы – мәдениеті мен тарихы сабақтасқан киелі өңір ретінде бұл бастамалардың маңызды орталығына айналып келеді.
Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек