Мегаполис ауасын зауыттардың түтіні ғана емес, жылдан-жылға көбейіп жатқан темір тұлпарлар да ластап жатыр
Өндіріс орындары мен көлік санының артуы Шымкенттегі экологиялық жағдайға кері әсерін тигізіп отыр. Мамандар өңірдегі атмосфералық ауаның ластану деңгейі әлі де жоғары екенін айтады. Сондықтан заң талаптарын сақтамайтын кәсіпорындарға бақылау күшейтіліп, жыл басынан бері 91 миллион теңгеден астам айыппұл салынған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Шымкенттегі өндіріс орындарын бақылау күшейді. Экологтар кәсіпорындарды жоспарлы ғана емес, жоспардан тыс та тексеріп жатыр. Нәтижесінде табиғатты қорғау талаптарын елемеген бірқатар зауыттың заңды белшесінен басқаны анықталды. Бірі ауаны тазартатын сүзгісіз жұмыс істесе, енді бірінде экологияға қатысты рұқсат құжаттары болмаған.
«39 әкімшілік іс қозғалып, оның қорытындысымен 91,3 млн теңге айыппұл салынған. Қазіргі таңда 72 млн теңгесі мемлекеттің пайдасына толық өндірілді, заң талаптарын өрескел бұзған мекемелерге қатысты іс сотқа жолданды. Тексеру барысында түнгі және күндізгі уақытта тазалау қондырғыларының болмауы немесе экологиялық рұқсат құжаттарының жоқ екені анықталды», – деді Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев.
Мегаполис ауасын зауыттардың түтіні ғана емес, жылдан-жылға көбейіп жатқан темір тұлпарлар да ластап жатыр. Бүгінде қалада 500 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Оған күн сайын Түркістан облысынан қатынайтын мыңдағаны тағы қосылады. Бұл да атмосфераға түсетін экологиялық жүктемені еселей түседі.
«Көлігім 2023 жылғы, ауаны ластайды деп ойламаймын. Ал автобусқа мінуге дайын емеспін, 5-6 жылдай болды қоғамдық көліпен жүрмеймін. Электрлі машинаны алуға жағдайым жоқ. Машинам жаңа және 3 жылдайнесие төлеймін», – деді қала тұрғыны Давран Әбдиев
Бұл ретте мамандар жеке көліктен гөрі автобустарды жиі пайдалануға, ал мүмкіндік болса электрлі темір тұлпарларға көшуге шақырады.
Айта кетейік, өткен жылы Экология департаменті 34 кәсіпорынды тексеріп, шамамен 40 миллион теңге көлемінде айыппұл салған. Ал биыл небәрі 6 айдың ішінде бұл көрсеткіш 2 есе асып отыр. Бірқатар өндіріс орны қаражатты өз еркімен төлесе, өзгелерінен мәжбүрлі түрде өндіріліп жатыр.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Таза ауа: Алматы билігі қандай экологиялық шараларды қолға алып жатыр