Басқосуда білім жүйесіне жасанды интеллектіні тиімді түрде енгізу жайы қаралып, тәрбие жұмысын нығайту мәселесі талданды
«Қазіргі кезде оқушылардың бойында құқықтық мәдениет қалыптастырып, азаматтық жауапкершілігін арттыру әрі функционалдық сауаттылығын жетілдіру өте маңызды». Сала мамандары Алматыдағы №163 мектеп-лицейінде өткен республикалық конференцияда осындай өзекті пікір айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұстаздардың сөзінше, «Адал азамат» бағдарламасының аясында осы іске бүгінде көп көңіл бөлініп жатыр. Басқосуда білім жүйесіне жасанды интеллектіні тиімді түрде енгізу жайы қаралып, тәрбие жұмысын нығайту мәселесі талданды. Іс-шарада түрлі тақырыптағы семинарлар мен сынып сағаттары да ұйымдастырылып, келушілерге тың ақпарат берілді. Ал жиынға Ішкі істер министрлігі Алматы академиясының өкілдері, білім ордасының түлектері мен оқушылары, ата-аналар қатысты.
«Болашақ Қазақстанның азаматтары осы заңды жақсы білсе, тәртіпке тәрбиелесе дейміз. Отансүйгіштік, елжандылық сезімін әр азаматтың бойына сіңіру – мақсатымыз», – деді Медеу ауданы білім бөлімінің әдіскері Назым Сәрсебаева.
«Заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тірегі. Ал ел тірегі мықты болу үшін олардың бойында жауапкершілік, адалдық, әділдік деген құндылықтар болу керек», – деді № 163 мектеп-лицейінің директоры Индира Әбдіқашева.
Оқи отырыңыз: Орындалмаған уәде: жаңа жыл түні үйі өртенген тұрғындар әлі қонақ үйді паналап жүр