Agrofest Túrkistan: жәрмеңкеде өңір диқандарының өнімдері сатылды

Облыстағы 1 миллионға тарта тұрғынның әлеуметтік жағдайы ауыл шаруашылығына тікелей байланысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістандық шаруалар ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде алдына жан салмай тұр. Сәйкесінше, еткен еңбек, еккен егіннің есебі де түгел. Ала жаздай атқарылған жұмыс ауылдағы ағайынға 747 миллиард теңгелік пайда әкелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

"Керуен" сарай кешеніне келген адамның қарасы көп. Өйткені тұрғындарға ала жаздай ризық-несібесін жерден терген өңір диқандарының 3000 тоннадан астам өнім ұсынылды. Жәрмеңкеге келген жұрт арзан бағадағы көкөніс пен жеміс жидекті, ет өнімдерін көптеп алуға тырысты.

"Қолдың майын, ірімшік алдым. Бағасын есептемедім. Дәмді", – деді облыс тұрғыны Мейрамкүл Юсупова

Биыл облыс шаруалары құны 230 млн доллар  680 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін экспорттаған. Өңірде өндірілген 153 мың тонна еттің 14 мың тоннасы сыртқа сатылған. Облыс ет өндірісі бойынша да республикада алдыңғы қатарда тұр. Осы жетістік ескеріліп, мереке аясында еңбек озаттары марапатталды.

Ет, сүт өнімдерін Ақбас сиырдан алдық. Облыс бойынша асыл тұқымды малдың саны артты", – деді кәсіпкер Қасымхан Құттыбаев.

Облыстың климаттық ерекшелігі бау және жылыжай шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Инвесторлар соңғы үш жылда субтропикалық банан, лимонды жылыжайларда өсіру технологиясын үйреніп, кеңінен қолдануға көшкен. Биыл жылыжайлардан 1,3 мың тонна банан, 3,2 мың тонна лимон жиналды.

"Ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 1,5 есеге артып отыр. Тамақ өнеркәсібі саласына да тартылған инвестиция артып 22 млрд теңгеге жетті. «Кең дала» бағдарламасы аясында 15 млрд теңгеден астам көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру тауар өндірушілерге арзандатылған несие желісімен бөлінді", – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Айта кетсем, облыстағы 1 миллионға тарта тұрғынның әлеуметтік жағдайы ауыл шаруашылығына тікелей қатысты. Жауаптылар алдағы 5 жылда өңірдегі өнім көлемін 2,2 есеге арттыруды көздеп отыр.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Ақтауға қоқиқаздардың алғашқы легі келді

Новости партнеров