Қыста қатып қалады: ШҚО-да тұрғындар үйіне су жинап қоюға мәжбүр

Самар ауданының орталығында ескі су құбырлары 97 пайыз тозған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

ШҚО-да жұрттың жанына батқан ауыз су мәселесі әлі де шешімін таппай келеді. Самар ауданының орталығында ескі су құбырлары 97 пайыз тозған. Жаңа желі тартылғанымен, оның құрылысы сегіз жылдан бері созылып келеді. Қыстың қақаған аязында құбыр қатып, сусыз қаламыз ба деп қауіптенген тұрғындар үйіне су жинап қоюға мәжбүр. Өйткені жаңа жүйеге көшу көктемге қалдырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Самарлықтар үшін қыс қамы оңай емес. Аяз күшейсе, ескі құбырлар қатып, краннан су ақпай қалуы мүмкін. Сондықтан әр үйде су құйылған ыдыс дайын тұрады. Жаңа құбырлар орнатылғанымен олардың іске қосылмай, құр тұрғанына 8 жыл болған.

Созбалаңға салынған жұмыстың жыры жобалардың бір-бірімен үйлеспеуінен басталған. Ауыл ішіне құбыр тартылғанымен, суды жеткізетін нысан уақытында салынбаған. Сөйтіп ел үміт артқан жаңа желі бірнеше жыл бойы жер астында бос жатты. Қазір су көзі мен құбырлар жалғанған. Бірақ мамандар жаңа жүйеге бірден көшуден қауіптенеді. Қақаған аязда құбыр қатып қалса, тұтас ауыл сусыз қалуы мүмкін. Сондықтан биыл қыста ескі және жаңа желілер қатар жұмыс істемек.

«Магистраль аяқталғаннан кейін жаңа су алу нысаны желіге қосылады. Тұрғындарға біртіндеп ауысуға мүмкіндік беру үшін ескі және жаңа жүйені қатар пайдаланамыз. Биыл қыста екі желі мен екі су алу нысаны қатар жұмыс істейді», – деді Самар ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Байжұменов.

Ал іргелес жатқан Көкжыра, Құлынжон мен Аққала тұрғындары көптен күткен ауызсуға қол жеткізді. Бұрын мұнда орталықтандырылған су жүйесі болмаған. Биыл тұрғындар ауласындағы қол сорғымен тұзды су тартуға мәжбүр еді. Мұнда да құрылыс 7 жыл бұрын басталғанымен, мердігерлердің жауапсыздығы мен қаражат жымқыру деректеріне байланысты жұмыс тоқтап қалған. 2021 жылдан бері сот дауы жалғасып келген. Тек былтыр нысанға жаңа мердігер келіп, құрылыс қайта жанданды. Ұңғымалар 40 метр тереңдікке дейін қазылып, ақыры таза су көзі табылды.

«Суды жеті жылдай күттік. Құрылыс басталғанымен, кейін тоқтап қалды. Үш жыл бойы сусыз отырдық. Былтыр жұмыс қайта жалғасып, биыл су келді. Қазір ауылда 40-қа жуық үй бар, бәріне су тартылды», – деді Көкжыра ауылының тұрғыны Нағима Байғабылова.

Шағын ауылдардың тұрғындары су іздеп сабылмайды. Алайда облыста шешімін күткен мәселе әлі шаш етектен. Жалпы өңірде су құбырларының  50 пайыз тозағн. Ескі желілерді жаңарту үшін биыл 20 жоба қолға алынды.

«Биыл 20 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған 7 миллиард 300 миллион теңге бөлінді. Оның 17-сі – сумен жабдықтау, үшеуі –су бұру жүйесіне қатысты», – деді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Рауан Тұрысбек.

Биыл облыста үш жүз шақырымнан астам су желісі жаңартылған. Дегенмен Самардағы жұрт үшін ең маңыздысы – алдағы қыстан аман шығу. Аяз қысқанда құбыр қатып, кран құрғап қалмаса екен дейді. Ал көктемде жаңа жүйеге толық қосылып, су тасып, ыдыс толтырып әуре болмасақ деген үміті бар.

Әйкерім Пернебек, Руслан Мухамедьяров, ШҚО

Оқи отырыңыз: Астанадағы жол апаты: Tesla-мен соқтығысқан жүк көлігі көпірден құлап кетті