Ақтөбедегі тікұшақ апаты: Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасады

09.11.2024 17:00

Қаза тапқан әскери қызметшінің туыстарына материалдық төлем беріледі

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

ҚР Қорғаныс министрлігі Ақтөбе облысындағы әскери тікұшақтың апатқа ұшырауы дерегіне байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрдің тапсырмасы бойынша оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов басқаратын арнайы комиссия барған.

"Авиациялық апаттың алдын ала себебі техникалық ақаулық деп қарастырылып отыр. Алайда түпкілікті қорытынды тергеу іс-шаралары жүргізілгеннен кейін жасалатын болады. Зардап шеккен экипаж мүшелері қажетті медициналық көмекпен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген және мамандардың бақылауына алынды. Қаза тапқан әскери қызметшінің туыстарына материалдық төлемдер және барлық қажетті қолдау көрсетіледі", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ Ми-8 тікұшақтары еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Әуе қорғанысы күштерінің қолданысында екені айтылды. Техниканың бұл түрі 50-ден астам елде қолданылады және өзінің көп функционалдығы мен сенімділігінің арқасында әлемдегі ең көп сұранысқа ие тікұшақтардың бірі. 

"Бұл тікұшаққа соңғы күрделі жөндеу 2023 жылы Алматы қаласының "405 авиациялық-жөндеу зауыты" базасында жасалды. Барлық регламенттік жұмыстар, оның ішінде ұшу алдындағы дайындық нормативтерге сәйкес орындалды.

Тікұшақ экипажының да айтарлықтай тәжірибесі бар және күндіз де, түнде де қиын метеорологиялық жағдайларда, оның ішінде төтенше жағдайларға тап болған кезде де тапсырмаларды орындау үшін кәсіби түрде дайындалған", - делінген министрлік хабарламасында.

Еске салайық, бүгін Мәртөк ауданы Сарыжар ауылында тікұшақ апатқа ұшырып, соның салдарынан бір адам қаза тапты. Екі адам ауруханаға жеткізілген. Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Оқи отырыңыз: ШҚО-да мерзімді қызметтегі әскери қызметші қаза болды